Талдықорғанда ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте Жетісу облысының одан әрі әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері қаралды, деп хабарлайды Sanur.kz.
Премьер-Министр өз сөзінде Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасын орындау аясында алдағы жылдары республиканың ауылдық аймақтары мен агроөнеркәсіп секторын дамыту мәселелеріне басымдық берілетінін атап өтті.
Оның ішінде ауыл тұрғындарының табысы мен өмір сүру сапасын арттыру жөнінде шаралар қабылданады.
Үкімет басшысының айтуынша, облыс әкімдігі Экология министрлігімен бірлесіп, ирригациялық желілерді сапалы жаңғыртып, су объектілерін уақытылы пайдалануға беруі қажет. Сондай-ақ пайдаланылмаған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару әлі де өзекті мәселе болып отыр.
«Жергілікті атқарушы органдар жүргізіп жатқан жұмыстарға қарамастан, облыста әлі 857 мың гектар ауыл шаруашылығы жері пайдаланылмайды. Ал халықтың жайылымдық жерлерге деген қажеттілігі 680 мың гектардан асады. Сондықтан ауылдық елді мекендердің маңында жерлерді сол ауыл тұрғындарына мал жаюға беру жолдарын пысықтау керек. Бұл бағыттағы жұмысты күшейту қажет», — деді Әлихан Смайылов.
Инженерлік инфрақұрылым бойынша Үкімет басшысы қолданыстағы кәріз желілерінің тозу деңгейі 58%-ға жеткенін, бұл ретте әкімдік тарапынан осы бағыттағы жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті.
Әлихан Смайылов шешімін табуды қажет ететін бірқатар әлеуметтік мәселеге назар аударды. Мәселен, облыста бес мыңнан астам бала 69 бейімделген мектепте оқиды, тағы бір мектеп апаттық жағдайда болса, 26 мектеп саман кірпіштен тұрғызылған. Сонымен қатар Үкімет басшысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті
Атап айтқанда, 2026 жылға дейін өңірде жаңа 10 мектеп ашу жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 55 млрд теңге қарастырылған.
«Сондай-ақ Қаржы министрлігінің сыбайлас жемқорлардың қаражаты есебінен құрылған бюджеттен тыс қоры бар. Осы қаражат есебінен де қосымша мектептер салынатын болады», — деді Премьер-Министр.