Skip to content

ЖИЛИН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ӨКІЛДЕРІ БҚАТУ-ДА ДӘРІСТЕР ӨТКІЗДІ

     Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне Жилин университетінің (Словакия) ақпараттық технологиялар саласындағы білікті мамандары, профессорлар Елена Зайцева мен Виталий Левашенко келді. Бұл туралы Sanur.kz ақпарат агенттігі Білім министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Профессорлар «Ақпараттық жүйелер және технологиялар» мамандығының студенттері мен магистранттарына, жоғары мектеп оқытушыларына бірқатар қызықты дәрістер мен семинарлар өткізіп, ақпараттық технологиялар саласындағы терең білімдерімен бөлісті.

Олардың «Сенімділікті талдау және тәуекелдерді бағалаудың Марков модельдері», «Ақпарат теориясының негіздері және оларды білім алу үшін пайдалану. Шешім ағаштары» дәрістері қызығушылық тудырып, оқу процесінің қызықты өтуіне септігін тигізді.

Соның ішінде жас ғалымдарға арналған оқыту семинары ерекше назар аудартты. Қатысушылар өздерінің болашақ ғылыми және кәсіби қызметінде пайдалы болатын көптеген құнды білім алғанын атап өтті.

Сонымен қатар профессорлар оқытушылар үшін ұзақтығы 72 сағат болатын «Сенімділікті талдау», «Білім алу» тақырыбында біліктілікті арттыру курсын өткізді. Бұл курс қатысушыларды ақпараттық технологиялар саласындағы білім беру сапасын жақсартуға ықпал етті. Бағдарлама соңында барлық қатысушыларға сертификаттар берілді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *