Skip to content

42 МЛН ТЕҢГЕ БӨЛІНГЕН: ШЫМКЕНТТЕ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛМАҒАН МЕКТЕПТІҢ ҚОРШАУЫ БҰЗЫЛЫП ЖАТЫР

      Шымкентте білім басқармасы мен жер қатынастар бөлімі бекітіп берген жер учаскесі мектеп салуға жарамсыз болып шықты. Осылай деп шу шығарған Ақтас елді мекенінің тұрғындары білім ұясын 15 жыл бойы армандағанынан айтады. Алайда екі ай бұрын келіп, қоршауын салған құрылысшылар белгіленген жердің топырағы жарамсыз деп оны қайта бұзып жатыр. Ал жерді ғимарат салуға жарамды ету үшін бюджеттен тағы 500 млн теңге бөліну керек екен. Жалпы мектеп құрылысына мемлекет қоржынынан 42 миллион теңге бөлінсе, қоршауға 4 миллион теңге жұмсалып үлгерген. Бюджет ақшасын оңды-солды шашқан шенеуніктерге бақылау бар ма деген тұрғындар кімнен көмек сұрарын білмей дал, деп хабарлайды Sanur.kz.

“Үкімет алдын ала жерді неге тексеріп барып бастамайды? Сонда ел арасында жанжал да болмас еді. Мына жерге мектеп салу үшін тағы да ақша керек дейді. Себебі топырағы жарамайды екен. Сол үшін 500 миллион теңге керек екен. Неге соны әу баста ойламаған. Қазығын қағып, айналасын қоршап болғасын естеріне түсіріп жатыр ма? Халықты аяйтын, түсінетін бір адам жоқ”, – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Гүлшара Жақсыбаева. 

Шымкент іргесіндегі Ақтас елді мекенінде барлығы мыңға жуық шаңырақ тұрады. Басым бөлігі көп балалы отбасылар. Олардың бәрі де көрші елді мекендегі мектепке қатынауға мәжбүр. Екі ортада жалғыз автобус жүреді. Оның өзіне оқушылардың сыюы екіталай. Сондықтан амалы таусылған ата-аналар көлік жалдағандарын айтады. Оған ай сайын бала басына бес мың теңгеден төлейді. Мектепке бару мұң болды деген ақтастықтар осыны айтып, әкімдік пен білім басқармасының табалдырығын талай тоздырған. Бірақ одан нәтиже шықпаған. 

Төрт балам Ақжарға барып оқиды. Көлікті өзіміз, осы ата-аналар жалдаймыз. Әр баланың басына 5 мың теңгеден береміз. Өзім төрт балама 20 мың беремін. Ай сайын. Біз қалай шырылдамаймыз? Бізді түсінер бір шенеунік жоқ. Осы мектепті өзім 15 жылдан бері күттім. Бұл жер Ташкентке баратын көше бойында. Жақсы жер болғасын біреуге керек болды ма екен? Білмеймін. Әйтеуір қарапайым халыққа көп көріп тұр”, – дейді көп балалы ана Ұлданай Байқожаева. 

Негізі жоспар бойынша Ақтасқа білім ұясы 2025 жылы салынуы керек болған. Бірақ мемлекет басшысының “Жайлы мектеп” тапсырмасына дөп түскен ғимарат құрылысы биыл басталып, 2024 жылдың қыркүйегінде пайдалануға берілуі көзделген. Осылай деген тапсырыс беруші әрі қаланың мәслихат депутаты 4 мектептің орны өзгергенін айтады. Себебі белгіленген жерлер мектеп салуға келмейді екен. 

“Біз қазір бұл мәселені астаналық өзіміздің басшыларымызға қағаз жүзінде, сөз жүзінде жеткізіп, арнайы өкілдер келсе одан қалса, қалалық әкімшілік бар, аудан әкімшілігі бар бір шешімге шығамыз деген ойдамыз”, – дейді “SАMURYK-KAZYNA CONSTRUCTION” Шымкент қалалық филиалының басшысы Мерлан Керімжанов. 

Шенеуніктің сөзінше, жерді қалалық білім басқармасы бекітіп берген. Ал білім басқармасындағылар жер қатынастар басқармасынан көріп отыр. Осылайша жауаптылар бір-біріне сілтеп отырғанда, ақтастық балалар тағы да мектепсіз қалып қоюы мүмкін.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *