Skip to content
Главная страница » АЛАҢСЫЗ ӨМІР СҮРУГЕ ЖАҒДАЙ ЖАСАУ КЕРЕК

АЛАҢСЫЗ ӨМІР СҮРУГЕ ЖАҒДАЙ ЖАСАУ КЕРЕК

       Азаматтарымыздың алаңсыз және қауіпсіз өмір сүруі үшін тиісті жағдай жасау – бәріміздің міндетіміз. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев азаматтық қорғау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша парламенттік тыңдауда айтты, деп хабарлайды Sanur.kz тілшісі.

Табиғи және техногендік апаттардың салдары қашанда ауыр болады. Сол себепті азаматтық қорғауды күшейту, осы саладағы қауіптердің алдын алу – мемлекеттік органдардың ең маңызды мақсаттарының бірі. Өкінішке қарай, соңғы жылдары елімізде көптеген табиғи және техногендік сипаттағы апат болды. Оның салдарынан мыңдаған адам зардап шекті. Қаза тапқандар да бар екені жасырын емес. Бұл алаңдатарлық жағдай, – деді Сенат спикері.

Әшімбаев өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі аса маңызды екенін атап өтті. Өйткені соңғы жылдардың өзінде осы бағытта көптеген төтенше оқиға болды. Олардың қатарында Қостанай, Абай облыстарында болған ірі орман өрттері де бар.

Бұл екі оқиға өртті сөндіруге жауапты мемлекеттік органдардың жұмысындағы түйіткілдерді және осы бағытта тиімді жүйенің жоқ екенін айқын көрсетіп берді. Сонымен қатар жақында Алматыда қайғылы жағдай болды. Мемлекет басшысы азаматтық қорғау жүйесін жаңғырту жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Сондықтан тиісті мемлекеттік органдардың алдында ауқымды жұмыстар тұр, – деп айтты ол.

Сенат төрағасы елімізде өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселесінде де олқылықтар аз емес екенін айтты.

Қарағанды облысындағы шахталарда болған апаттар соның салдары екені сөзсіз. Бұл ретте алдын алу жұмыстарының жүзеге асырылмауы, тиісті бақылаудың әлсіреуі, сапасыз және уақытылы жүргізілмеген күрделі жөндеу, жүйесіз жобалық және техникалық шешімдер қайғылы оқиғаларға әкелетін жағдайлар екенін анық. Осы бағытта кешенді жұмыстар жүргізу қажет, – деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.

Оның сөзінше, қазіргі таңда әлем бойынша сейсмикалық апаттардың да жиілеп кеткенін байқап отырмыз. Еліміздің географиялық орналасуына байланысты бізге бұл мәселені назардан тыс қалдыруға болмайды.

Азаматтық қорғау сияқты маңызды сала тиісті деңгейдегі қаржыландыруды қажет ететіні де белгілі. Алайда соңғы жылдарда бұл саладағы көптеген іс-шараға тиісті деңгейде қаржы бөлінбей келді. Сондықтан Үкімет пен әкімдер бұл мәселеде жүйелі және кешенді шешімдер қабылдауы керек. Мемлекет үшін ең маңызды басымдық – халықтың амандығын қамтамасыз ету. Азаматтарымыздың алаңсыз және қауіпсіз өмір сүруі үшін тиісті жағдай жасау – бәріміздің міндетіміз, – дейді Әшімбаев.

Ол Сенат депутаттары осы мәселені шешуге жан-жақты қолдау көрсететінін жеткізді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған