Әлемнің ең сұлу бойжеткені анықталды. “Әлем аруы – 2022” сұлулық байқауының жеңімпазы атағын 28 жастағы Р’Бонни Нола Габриэль жеңіп алды. Миллиондаған жан көз тіккен сайыстың финалы Америка құрлығының Жаңа Орлеан қаласында өтті.
Сұлулық байқауы биыл осымен 71-рет өтіп жатыр. Әлем аруы атағына әлемнің 84 елінің ең сұлулары таласты. Жалпы финалдық кезеңге, американдық Р’Бонни Нола Габриэль мен Венесуэлалық ару Аманда Дудамель және Донимикан республикасынан Андреина Мартинес өткен болатын. Сайыстың нәтижесінде “Әлем аруы-2022” сұлулық байқауының жеңімпазы атағы, 28 жастағы американдық Р’Бонни Нола Габриэль бұйырды. Бұған дейін Америка құрама штаты 8 рет жеңімпаз ел атанған.
Габриэль 1994 жылы 20 наурызда Хьюстонда (АҚШ) филиппиндік және американдық отбасында дүниеге келген. Солтүстік Техас университетін Киім дизайны мамандығы бойынша бітірген. R ‘ Bonney Nola жеке киім брендіне ие.
2022 жылы “Мисс Техас” байқауында екінші рет жеңіске жетті. 2021 жылы ол екінші орын алған еді. Сайысқа біздің елден ешкім қатысқан жоқ. Өйткені «Қазақстан аруы» ұлттық сұлулық байқауының ұйымдастыру комитеті Диана Тәшімбетованы «Әлем аруы Қазақстан-2022» атағынан айырған болатын.