Skip to content
Главная страница » ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ БОЛЫП ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ БОЛЫП ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

   Мәжіліс депутаттары Премьер-Министр лауазымына Әлихан Асханұлы Смайыловты тағайындауға келісім берді, деп хабарлайды Sanur.kz.

     Мәжіліс депутаттары Үкімет басшысы кандидатурасын талқылағаннан кейін «Қазақстан Республикасының Президентіне Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі лауазымына Смайылов Әлихан Асханұлын тағайындауға келісім берілсін» деген қаулы жобасына дауыс берді. Дауыс беру барысында жалпы отырысқа қатысқан 97 депутаттың 82-сі оның кандидатурасын қолдады. 7 депутат қарсы шығып, 8 депутат қалыс қалды.

   Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әлихан Асханұлы Смайыловты Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі лауазымына тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.

    Бұған дейін Мемлекет басшысына «AMANAT» партиясының атынан Премьер-Министр лауазымына Әлихан Асханұлы Смайыловтың кандидатурасы ұсынылған еді. 

   Мәжілістің пленарлық отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министр лауазымына Әлихан Смайыловты тағайындау үшін депутаттардың келісім беуін сұрады.

***

  Смайылов Әлихан Асханұлы 1972 жылы Алматы қаласында дүниеге келген.

 1994 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін «қолданбалы математика» мамандығы бойынша тәмамдаған.

 1996 жылы — ҚР Президенті жанындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжамдау институтының мемлекеттік басқару магистрі дәрежесіне ие болды.

  1993–1999 жылдары – «А-Инвест» инвестициялық-жекешелендіру қорының бас маманы; бөлім басшысының орынбасары, ҚР Ұлттық статистика агенттігінің басқарма басшысы; ҚР Статистикалық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің Статистика және талдау комитеті төрағасының орынбасары; бас сарапшы, экономика секторының меңгерушісі, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болып қызмет атқарған.

  1999–2003 жылдары — ҚР Статистика агенттігінің төрағасы.

  2003–2006 жылдары — ҚР сыртқы істер вице-министрі, «Экспорттық несиелер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру компаниясы» АҚ басқарма төрағасы.

2006–2009 жылдары — ҚР қаржы вице-министрі, «ҚазАгро» ҰБХ президенті.

2009–2014 жылдары — ҚР Статистика агенттігінің төрағасы.

2014–2015 жылдары — ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика жөніндегі комитетінің төрағасы.

2015–2018 жылдары — ҚР Президентінің көмекшісі.

2018 жылғы қыркүйектен бастап 2019 жылғы ақпанға дейін — Қаржы министрі.

  2019 жылғы 25 ақпанда Президент Жарлығымен Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі қызметіне тағайындалды. 2021 жылы 18 қаңтарда ҚР Президентінің Жарлығымен осы қызметіне қайта тағайындалды.

  2022 жылғы 11 қаңтарда ҚР Президентінің Жарлығымен ҚР Премьер-Министрі лауазымына тағайындалды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған