Астанадағы қалың тұманға байланысты қала маңына қатынайтын бірқатар қоғамдық көліктің қозғалысы тоқтатылды, деп хабарлайды Sanur.kz.
City Transportation Systems компаниясының мәліметінше, бүгін сағат 05:45-тен бастап күн райының қолайсыздығына (қалың тұман) және тасжолдардың жабылуына байланысты қала маңына қатынайтын №№ 305, 312, 315, 316, 327 бағдарларының қозғалысы уақытша тоқтатылды.
Қала маңына қатынайтын басқа бағдарлар линияда.
Еске салайық, кеше тұманға байланысты бірқатар автожол учаскесі жабылған болатын.
Атап айтқанда, «Екатеринбург – Алматы» автожолының (1291-1353 шақырым аралығы) «Астана қаласы –Анар бекеті» учаскесі барлық автокөлік түрлеріне жабылды.
Бұдан бөлек, Ақмола облысында «Екатеринбург-Алматы» тасжолының 1291-1353 шақырым аралығында, Жақсы ауылынан Атбасар қаласына дейінгі аралықта көліктің барлық түрі үшін қозғалыс шектелді.
Сондай-ақ осы өңірде «Астана-Қорғалжын» тасжолының 19-124 шақырымында да көлік жүруіне тыйым салынды.
Қарағанды облысында Ақмола облысы шекарасынан Теміртау қаласында дейінгі жолда көліктің барлық түріне шектеу енгізілді. Бұл – «Екатеринбург-Алматы» автожолының 1353-1425 шақырым аралығындағы учаске.