Skip to content
Главная страница » АУДАН ӘКІМІ БАТЫР ОҚУШЫНЫ МАРАПАТТАДЫ

АУДАН ӘКІМІ БАТЫР ОҚУШЫНЫ МАРАПАТТАДЫ

    4 наурыз күні Мақтаарал ауданы Жамбыл ауылдық округінің тұрғыны, Қ.Үкібаев атындағы №37 жалпы орта мектебінің 8-сынып оқушысы Нұркелді Нұрполат суға ағып бара жатқан 3 жастағы баланы құтқарып қалған болатын.
Бұл оқиға еліміз бойынша БАҚ пен әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, қазақстандықтар батыр балаға ризашылықтарын білдірді. Күні кеше аудан әкімі Бақыт Асанов Нұркелді Нұрполатты жеке қабылдап, аудан жұртшылығы атынан алғысын айтып, сый-сияпатын жасады, деп хабарлайды Sanur.kz.
 
     Аудан басшысы мектеп оқушысының ерлігі көптеген отандастарымызға үлгі екенін атап өтті. Сондай-ақ, мектепте үлгілі тәртібімен, үздік оқуымен ерекшеленетін балаға білім алуына жеңіл болуы үшін ноутбук сыйлады.
 
    Айта кетейік, 04.03.2023 жылы сағат 11:00 шамасында Мақтаарал ауданы, Жамбыл ауылдық округі, Абай елді мекенінің аумағында ата-анасының қарауынсыз ойнап жүрген 3 жасар бала К-18 каналына түсіп кетеді.
 
    Сол уақытта Көкпарсай елді мекенінде өтіп жатқан көкпар сайысына атпен бара жатқан Нұргелді Нұрболат баланы көріп құтқарып алған. Құтқарылған балаға ауыл тұрғындары алғашқы медициналық жәрдем көрсетіп, аман алып қалды.
 
   Сол күні 11:45 шамасында бала Мақтаарал ауданының “Атакент” аудандық ауруханасына жеткізіліп, тиісті жедел медициналық көмектер көрсетілген. Кейін денсаулығының қалыпты болуына байланысты сағат 15:30 шамасында үйіне шығарылған.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған