Skip to content

АУДАНДА ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ТОҚТАУСЫЗ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

     Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытовтың бастамасымен аудан аумағындағы қала, кент және барлық ауылдық округтерде күн сайын сенбіліктер ұйымдастырылып, тазалық жұмыстарын жүргізу ісі кеңінен қолға алынып отыр, деп хабарлайды Sanur.kz.
 
    Бүгінгі таңда аудан тұрғындары арасында көшелер мен елді мекендердегі тазалықты сақтау жұмыстарына жұмылдыру ісінде аудан басшысының орынбасарлары мен бөлім басшылары, жергілікті әкімдер мен тұрғындар белсенділік танытып, жер-жерлерде арнайы бекітілген кесте негізінде жұмыстар жүргізілуде.
 
 Тазалық жұмыстары аясында мемлекеттік және квазимемлекеттік қызметкерлер өздеріне бөліп бекітілген көшелерде тазалық жұмыстарын жүргізсе, ауданның әрбір тұрғыны үй іргелік жерлерін, елді мекен шегіндегі автомобиль жолдарының жиегін күл-қоқыстардан, тұрмыстық қатты қалдықтардан тазартуда. Сонымен қатар, сенбіліктер барысында саябақтар мен скверлер, көшелер мен арық-атыздар да тазалануда.
 
    «Күн жылынғаннан бастау алатын тазалық жұмыстарымызға қатысушылардың саны күн санап артып келеді. Бұл дегеніміз – тұрғындардың туған өлкеге деген махаббаты, жанашырлығы деп білеміз. Қазірде аудан аумағында тазалықты сақтау мақсатында арнайы түсіндіру жұмыстарын тынымсыз жүргізіп жатырмыз. Алдағы уақыттарда аудан аумағына түрлі көшеттерді отырғызып, жасыл аймаққа айналдыратын боламыз» дейді аудан басшысы.
 
  Сондай-ақ, аудан әкімінің тапсырмасымен аудандық коммуналдық сала басшыларына күл-қоқыстарды шығаруда арнайы көліктермен қамтамасыз ету, сенбілік жұмыстарын тек орталықтарда ғана емес барлық округтерде, елді мекендерде жыл он екі ай жүргізілуін қадағалау жүктеліп отыр. Бұл іске әрбір мекеме мен әрбір аула тұрғындарға бекітіліп беріліп, тазалықты сақтауға ауыл ақсақалдары да тартылатын болады.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *