Skip to content

АУЫЛ МЕКТЕПТЕРІ АРАСЫНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДА БОЛАДЫ – ОҚУ МИНИСТРІ

    Ақтөбеге Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев келді. Ол білім саласындағы бірқатар жаңашылдықты атап өтті, деп хабарлайды Sanur.kz.

  Ақтөбеде «Шағын жинақты мектептерде сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету» тақырыбында республикалық семинар-кеңес өтті. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім беру саласындағы тың бастамаларға тоқталды.

   «Әріптесім қызық оқиға айтты. «Мен өз ауылыма үлкен олимпиада өткізуге бардым. Ауданның білім бөлімі «сіз демала беріңіз, біз өткіземіз» дегеніне қарамай, басы-қасында өзім боламын деп шештім» деді. Сөйтіп мықты математиктерді жинап, олимпиада өткізген. Сол олимпиадада мықты деп жүрген мектептің оқушысы үшінші орын, ал шалғай ауылдағы жай ғана мектеп оқушысы бірінші орын алған. «Мұғалімін сұрадым. Үлкен кісі екен. Қолымдағы сағатымды шешіп бердім. Екі ай бұрын ғана аудандық олимпиада өтіп, оқушы қыз әділетсіздікке ұшырап, орын ала алмай қалған екен. Келесіде олимпиадаға бармаймын деген балаға мұғалімі өзі такси жалдап, аудан орталығына әкелген» деп айтты. Үлкен дүниені ескермей, кейде дұрыс емес дүниелерге бас ұрып, дарынды мен таланттыдан айырылып жатқан жоқпыз ба деген ой мені мазалайды. Енді ауыл мектептерінің арасында жеке республикалық олимпиада болады», – деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев. Ол лицей, гимназия, дарынды балаларға арналған мектептерді ашуға әуестенбеуге шақырды. Дарынның барлығы дархан далада орналасқан мектептерде жүруі мүмкін екенін еске салды.

    «Цифрлық ауыл» мектебі Ақтөбе облысында жүргізілуі керек. Жаңалықтардың бәрін Ақтөбе облысында бастаймыз, пысықтаймыз, сосын елге таратуды қолға аламыз. Ауыл мектептерінің хабы Ақтөбе облысында басталады деп сенемін. Сонымен бірге ауыл мектептері мұғалімдерінің де біліктілігін арттыруға қатысты «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығына тапсырма беремін. Курстық бағдарлама жаңартылуы керек. Ауыл мектептерінің мұғалімдері «Болашақ» бағдарламасы шеңгерінде 1, 3, 6 айлық шетелдік тағылымдамаға жіберіледі», – деді министр.

  Ақтөбе облысындағы мектеп директорлары, білім саласына жауапты мамандармен кездесуінде министр ҰБТ тапсырудағы қиындықтарға да тоқталды. Алдағы уақытта ауыл балалары ауданда емес, ауылында отырып сынақ тапсыруы мүмкін. Ауыл балаларына грант бөлу мәселесі де қарастырылады.

   «Ақтөбедегі статистиканы қарап отырсам, жылына ауыл мектептерінен мың бала бітіреді екен. Республика бойынша жылына бар-жоғы бірнеше мың оқушы бітірсе, оларды ЖОО түсіру мәселесін қолға аламыз. Былтыр 10 мыңнан астам грант Маңғыстауға берілді. Олар бәрін игере алмады. Енді оны ауылда, шағын жинақты мектепте оқып жатқан балаларға қарай бұруды қолға аламыз», – деді Ғани Бейсембаев.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *