Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин алдағы уақытта төртінші деңгейлі бюджетке қандай салық түрі берілуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Sanur.kz тілшісі.
2020 жылы республикалық бюджеттен корпоративтік табыс салығын бердік. Қазіргі уақытта 1,3 мың ірі компания республикалық бюджетке, ал қалғандары жергілікті бюджетке төлейді. Бұл салықты берген кезде оның сомасы 380 млрд теңге болатын. Ал өткен жылы 1,1 трлн теңге жинадық, яғни аталған іс-шараның тиімділігі көрініп тұр,
– деді Азамат Әмрин Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.
Оның атап өтуінше, алдағы уақытта төртінші деңгейлі бюджетке пайдалы қазбаларды өндіру салығын беру жоспарланып отыр.
Бұл жұмысты жаңа Бюджеттік кодекс аясында жалғастырамыз. Бірінші кезекте пайдалы қазбаларды өндіруге арналған салықты бергіміз келеді. Жер қойнауы туралы кодексте салық төлеуші қандай да бір кен орнын игергісі келгенде жалпы жиналыс өткізу тиістігі көзделген норма бар. Жиналыс барысында тұрғындар шаң-тозаң тұрып, қандай да қолайсыздықты сезінетіндігін айтуы мүмкін. Сондықтан, олар да салықтың пайдасы қандайлығын сезінуі тиіс. Осыған орай, төртінші деңгейге (ауылдық округтерге – ред.) салықты береміз,
– деді вице-министр.