Skip to content
Главная страница » БИЫЛ АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНА 2,5 ПАЙЫЗДЫҚ 11 606 МИКРОКРЕДИТ БЕРІЛЕДІ

БИЫЛ АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНА 2,5 ПАЙЫЗДЫҚ 11 606 МИКРОКРЕДИТ БЕРІЛЕДІ

   ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Сенат депутаттарының сауалына жолдаған жауабында ауыл тұрғындарына 2,5 пайыздық несие беру үшін қанша қаражат бөлінетінін айтты, деп хабарлайды Sanur.kz.

   Сенат депутаттарының сауалында Жамбыл облысындағы ауыл халқының табысын арттыру жобасын репсублика көлемінде масштабтау туралы ұсыныс айтылған болатын.

   «2022 жылғы қазанда Республикалық бюджет комиссиясының шешімімен Ақтөбе және Жамбыл облыстарында ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны масштабтау үшін ауыл халқына 2,5%-бен шағын кредит беру тетігін енгізу қолдау тапты.

   Мәселен, қараша айының соңында Ақтөбе облысының әкімдігімен 3 млрд теңгеге және Жамбыл облысының әкімдігімен 6 млрд теңгеге үшжақты кредиттік шарттар жасалып, одан әрі кредиттеу үшін қаражат аударылды.

   Сонымен қатар биыл республикалық бюджетте ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны масштабтауды іске асыруға 11 606 микрокредит беру жоспарымен 52,4 млрд теңге, оның ішінде Жамбыл облысы үшін 3,6 мың микрокредит беру жоспарымен 11 млрд теңгеден астам қаражат көзделген», – деп жазады Үкімет басшысы.

    Оның сөзінше, республикалық бюджетті нақтылау аясында облыс әкімдіктері 2023 жылға 15 090 микрокредит беру үшін 73,8 млрд теңге сұраған. Оның ішінде Жамбыл облысының әкімдігі 4 мың микрокредит беру үшін 20 млрд теңге сома сұрап отыр.

   «Жоғарыда баяндалғандарды ескере отырып, қосымша қаржы бөлу мәселесі заңнамада белгіленген тәртіппен Республикалық бюджет комиссиясының отырысында қаралатын болады», – деп жазады Әлихан Смайылов.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған