ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бюджет қаражатын уақытылы игермеген министрліктер мен өңірлерді атады, деп хабарлайды Sanur.kz.
«Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 95,8%-ке, республикалық бюджеттің шығыстары – 96,5%-ке, жергілікті бюджеттердің шығыстары 96,6%-ке атқарылды. Республикалық бюджет бойынша 3,4 трлн теңге сомасына шығыстар жүргізілді. 123 млрд теңге жұмсалмады, оның ішінде 22 млрд теңге үнемделсе, 101 млрд теңге игерілмей қалған», — деді Е. Жамаубаев Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Министрдің айтуынша, ең көп игерілмеген сома ішкi iстер, қаржы, ғылым және жоғары білім, ақпарат және қоғамдық даму министрліктерінде байқалған.
«Қаржы игерілмеуінің негізгі себептері: төлем нақты көрсетілген қызмет көлемі бойынша жүргізілген; конкурстық рәсімдерді ұзақ мерзімде өткізу; шарттарды, қосымша келісімдерді ұзақ жасасу; бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) іске асыру жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді уақытылы қабылдамау; шот-фактуралар, атқарылған жұмыс актілерінің уақытылы өткізілмеуі; есепті айда қаражатты жұмсау қажеттілігінің болмауы», — деп түсіндірді спикер.
Жергілікті бюджеттердің шығыстары 1,3 трлн теңгені құраған. Оның ішінде 45 млрд теңге жұмсалмаған.
«Биыл өңірлерге 1,2 трлн теңге нысаналы трансферт көзделген. Оларға 1 наурызға дейін 56 млрд теңге бөлінген. Оның 80,1%-і игерілген, 11 млрд теңге игерілмеді. Ең көп игерілмеу Астана және Алматы қалаларында, Павлодар және Абай облыстарында қалыптасты. Оның негізгі себептері — қадағалау органдарының нұсқамалары, конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу, орындалған жұмыстар актілерін уақтылы ұсынбау», — деді Қаржы министрі.
Айта кетейік, қаңтар-ақпан айларында мемлекеттік бюджетке 3,4 трлн теңге түсті.