Қазақстандық Данияр Шамшаев Ташкентте дзюдодан өтіп жатқан әлемдік Grand Slam турнирінің күміс жүлдегері атанды, деп хабарлайды Sanur.kz.
Қазақстан дзюдо федерациясы баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, жарыстың екінші күні Данияр Шамшаев 73 келіге дейінгі салмақта 2-орынға ие болды.
Данияр алдымен франциялық Аксус Бенжжаминді, сосын қырғызстандық Шыңғысхан Сағынәлиевті иппонмен ұтты. Ширек финалда түркиялық Умарт Демирелден айласын асырды. Жартылай финалда швейцариялық Нилл Штампты таза жеңді. Тек соңғы бәсекеде ғана өзбекстандық Муроджон Юлдошевке жол берді.
Бұл – Қазақстан құрамасы қоржынына түскен екінші медаль.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын дзюдошы Нұрқанат Серікбаевтың Grand Slam турнирінің күміс жүлдегері атанғанын жазған болатынбыз.