Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан Халық партиясының фракциясы атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) алып тастауды ұсынды. Оның орнына әр балаға жұмсауға жеткілікті мөлшерде бірыңғай жәрдемақы төлеу керек екені айтылды, деп хабарлайды Sanur.kz.
«Әлеуметтік саладағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты — көпбалалы аналарды, толық емес отбасында бала тәрбиелеп отырған аналарды және дамуында ерекшелігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналарды қолдау. Көпбалалы отбасылардың басым бөлігі көбінесе жалға берілетін бөлмелерде тұрады. Егер ипотека рәсімдеу мүмкін болса, әдетте құрылыс сапасы төмен, эконом санаттағы бір бөлмелі пәтер алады. Олар үшін мемлекеттік тегін тұрғын үймен қамтамасыз ету тәжірибесі жоқ, ипотекалық несие берудің жеңілдетілген шарттары қарастырылмаған. Қомақты бастапқы жарна талап етіліп, жоғары пайыз мөлшерлемесі қойылады. Мұндай отбасылар мемлекеттің қандай қолдауына үміт артады? Атаулы әлеуметтік көмекке (АӘК) ме? Объективті түрде қарасақ, ол да нақты көмек болып тұрған жоқ», — деді депутат Гаухар Танашева Үкімет басшысының орынбасары Алтай Көлгіновтың атына жолдаған сауалында.
Оның пайымынша, АӘК-ге үміткер болу үшін көпбалалы, жұмыс істемейтін аналарға жүздеген сынақтан өту керек. Қазақстан Халық партиясының фракциясы атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) алып тастау қажет деп санайды, өйткені оны алу үдерісі күрделі.
«Бұл жағдайда балаларға төленетін жәрдемақының мөлшерін арттыру қажет. Әр балаға нақты көлемде, жұмсауға жеткілікті мөлшерде бірыңғай жәрдемақы төлеген дұрыс. Біз ең төменгі жалақы мөлшерінде әр балаға айына 70 мың теңге көлемінде мемлекеттік жәрдемақы белгілеуді қарастыруды ұсынамыз. Мәселен, 4 балаға берілетін жәрдемақы 280 мың теңгені, 2 балаға 140 мың теңге құрайтын болады.
Қазіргі уақытта 4 бала 55 340 теңге жәрдемақы алады. Әр балаға айына 13 826 теңге бөлінеді. Мұнда инфляцияның тұрақты өсуі, экономикалық тұрақсыз жағдай, тұрғын үйдің жоқтығы және халықтың осы санатындағы адамдардың тұрақты жұмыспен қамтылмағаны ескерілмеген», — деді депутат.
Бұл тұрғыда ол жоғарыда аталған халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған жәрдемақыны қалыптастыру саясатында қазіргі нақты жағдай қарастырылмағанын айтты.
«Осы саладағы мемлекеттік органдар жүргізетін реформалардың барысы туралы толық ақпарат беруді, сондай-ақ АӘК және 18 жасқа дейінгі бірыңғай балалар жәрдемақысын есептеу әдістемесін қарауды сұраймыз», — деді Гаухар Танашева.