Skip to content
Главная страница » ЕЛІМІЗДЕ МҮГЕДЕКТІГІ БАР АДАМДАР САНЫ 700 МЫҢНАН АСТЫ

ЕЛІМІЗДЕ МҮГЕДЕКТІГІ БАР АДАМДАР САНЫ 700 МЫҢНАН АСТЫ

      Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды Sanur.kz.

      Заңның мақсаты – Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға 2006 жылғы 13 желтоқсанда БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы қабылдаған Факультативтік хаттаманы ратификациялау. Хаттаманың негізгі ережелері қоғамның азаматтық, саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени өміріне мүгедектігі бар адамдардың қатысуын қамтамасыз етуге жоюға бағытталған.

      «Бүгінде елімізде мүгедектігі бар азаматтар саны 700 мыңнан асты. Оның 59 пайызы еңбекке қабілетті жастағы азаматтар, 14,7% балалар. Бұл санаттағы азаматтарымыздың өмір сүру сапасын жақсарту – Үкіметтің күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі», – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.

     Қазақстан «Мүгедектердің құқықтары туралы» конвенцияға және оған қатысты Факультативтік хаттамаға 2008 жылғы желтоқсанда қол қойып, 2015 жылы Конвенцияны ратификациялағаны белгілі. Осы орайда Қазақстан халықаралық стандарттарға сәйкес мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге міндеттеме алды.

     Министрдің айтуынша, осы жылдар ішінде осы санаттағы азаматтардың құқықтарына қатысты заңдарға өзгерістер енгізілді, 2025 жылға дейін мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі Ұлттық жоспар қабылданды. Бүгінгі күні оны іске асырудың 1-ші кезеңі аяқталып, 2019 жылдан бастап 2-ші кезеңнің іс-шаралары жүзеге асырылып жатыр.

     «Қазақстанның өзіне алған халықаралық міндеттемелерін және атқарылған шараларды ескере отырып, Мемлекет басшысы 2020 жылғы 22 қазанда өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттаманы ратификациялау рәсімдерін аяқтауды тапсырды. Факультативтік хаттаманы ратификациялау БҰҰ Мүгедектердің құқықтары жөніндегі комитетінің мүгедектігі бар адамдардың жеке хабарламаларын (шағымдарын) қабылдау және қарау құзыретін мойындауды білдіреді. Хаттамаға сәйкес, мүгедектігі бар азаматтар Конвенцияның ережелері бұзылған жағдайда, осы Комитетке хабарламамен немесе шағыммен жүгіне алады», – деді ведомство басшысы.

     Егер келіп түскен шағым немесе хабарлама бойынша Конвенцияда бекітілген құқықтардың едәуір немесе жүйелі түрде бұзылғанын көрсететін анық ақпарат алынса, онда Комитет өз ұсынымдарын тиісті мүше мемлекетке және өтініш берушіге жібереді.

Әрекет алгоритмі келесідей болады:

1) ұсыным Сыртқы істер министрлігіне келіп түседі;

2) Министрлік оны Бас прокуратураға жолдайды;

3) Бас прокуратура уәкілетті органдармен бірге ұсынымға құқықтық талдау жасап, өз ұйғарымын Әділет министрлігіне жібереді;

4) Әділет министрлігі бұл ұйғарымды ведомствоаралық комиссияда қарап, шешім шығарады;

5) Әділет министрлігі осы шешімге сәйкес, Қазақстанның ұстанымын Комитетке жеткізетін болады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған