Skip to content
Главная страница » ЕЛОРДАДА ҚАРЖЫ ПИРАМИДАСЫН ҰЙЫМДАСТЫРҒАН ЕР АДАМ 8 ЖЫЛҒА СОТТАЛДЫ

ЕЛОРДАДА ҚАРЖЫ ПИРАМИДАСЫН ҰЙЫМДАСТЫРҒАН ЕР АДАМ 8 ЖЫЛҒА СОТТАЛДЫ

       Қаржы пирамидасын ұйымдастырушы мен қылмыстық топтың басшысына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Sanur.kz Астана қалалық сотының сайтына сілтеме жасап.

       2023 жылғы 15 наурызда Астана қаласы Сарыарқа ауданының №2 аудандық соты қаржылық пирамида құру және оны басқару, сондай-ақ алаяқтық жасау фактісі бойынша қылмыстық істің айыптау үкімін шығарды.

    М. есімді ер адам 2019 жылдың қазан-желтоқсан айларында 6 адамды қылмыстық топқа қатыстырып, кәсіпкерлік қызметке еліктеу мақсатында бірнеше жауапкершілігі шектеулі серіктестікті сатып алып, солардың компаниялары көлік құралдарын нарықтағы бағадан төмен сатумен айналысады деген ақпарат таратқан.

   Осылайша, 2019 жылдың наурызы мен 2021 жылдың қазан айлары аралығында «Mega-General Cоmpany», «Mega-General Co», «NurAutoKz» ЖШС және ЖК «Nur-Ai» 300-ден астам тұлғамен келісім-шарт жасасып, азаматтардың жалпы сомасы 7,5 млрд теңгені құрайтын ақшалай қаражаты мен мүлкін тартты.

     М. сондай-ақ алаяқтық жасағаны үшін айыпталды. Қаржы пирамидасының қызметін қолдау мақсатында аталған тұлғалар алаяқтық және сенімге қиянат жасау арқылы алған көліктерін кепілге қойып, несие беріп, сондай-ақ автокөліктерді сатамыз деп сендіріп, 25-тен астам жәбірленушінің қомақты ақшасын иемденіп алған.

     Прокурор соттан М-ды 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын беруді, ал қорғаушы тарап сотталушының кінәсіздігіне байланысты оны ақтауды сұрады. Жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығын өтелген жоқ.

      Сот үкімі келесідей болды: М. ұйымдасқан топ құру және оған жетекшілік ету (ҚК-нің 262-бабының 1-бөлігі), қаржылық (инвестициялық) пирамида құру (ҚК 217-бабының 3-бөлігі), сондай-ақ қылмыстық топтың құрамында аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін (ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 1, 2) тармағы) кінәлі деп танылды.

    Сот жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде сотталушының 3 кішкентай баласы бар екенін анықтады. Ешқандай ауырлататын мән-жайлар болған жоқ.

      Қылмыстық құқықбұзушылықтардың жиынтығы бойынша сот М-ды кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сондай-ақ ол 7 жыл мерзімге азаматтардың қаражаты мен инвестиция тартумен байланысты қызметпен айналысу, сондай-ақ коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда басшылық қызметтерді атқару құқығынан айырылды.

      Сот жәбірленушілердің азаматтық талаптарын қанағаттандырды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған