Skip to content

“ЕРУЛІК” ДӘСТҮРІ ДӘРІПТЕЛДІ

      Мақтаралдық әжелер қазақтың ұмытылып бара жатқан ерулік дәстүрін жастарға дәріптеді. Тәрбиелік мәні зор шара Береке ауылындағы “Әл – Фараби ” атындағы ЖОМ де өтті. Бір үйдің баласындай тату – тәтті тұрып жатқан ауылдағы түрлі ұлттың өкілдері өз әдет – ғұрыптары мен өнерлерін паш етті, деп хабарлайды Sanur.kz.

     Қазақ халқы қашанда дастарханы жиылмаған, төрінен қонағы үзілмеген қонақжай  халық. Ерулік те  – бір ауылға жаңадан көшіп келгендерге асын асып, қазанын қайнатып көмек-қолын созу арқылы бұрыннан тұрып жатқан адамдардың көрсеткен ілтипаты. Ол дегеніміз жаңа отбасыға көрсетілген сый-құрмет және тез арада жақын араласып кетудің бір жолы.Бүгінгі шара барысында мектеп ұжымы халқымыздың осынау бір ұмыт болып бара жатқан тамаша дәстүрін қайта жаңғыртты. Жаңадан қоныс тепкен отбасыға сый құрмет көрсетіп қана қоймай, өзбек ағайындардың тұрмыс салты мен әдет – ғұрпын, өнерін таныстырды.

Сәуле Сүндетова, Әл-Фараби атындағы ЖОМ директоры

Біздің коллективке түскен мүмкіндік көрші өзбек ағайындардың салт – дәстүрін осы жерде ерулікке келген, қоныс аударған өзіміздің қандастарымызға өздерін таныстыру еді. Сондықтан мынау ауданға белгілі Әбдуалиев, Сайдуалиев, Каландаловтар отбасылық несіменен және біздің қыздарымыз Бұхаралық нақыштағы киімдерімен өздерін таныстырып, ұлттық тағамдарымен осы ерулікке келіп және 8 – сынып оқушылары өздерінің өнерлерін көрсетті. Бұл керемет іс шара болып өтті. Осындай іс – шараның жалғасы табады деп сенемін. Өсіп келе жатқан ұрпақтарымызға өнеге болады. Патриоттық тәрбиеде мәні жоғары деп білемін.

        Игілікті бастама аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Тамара Ташеваның бастамасымен жүзеге асып келеді. Бұған дейін қазақтың бірнеше салты жастарға үлгі етілді. Бүгінгі шараға аудандағы барлық әжелер алқасының төрайымдары біркісілдей қатысып, ұлттық салт – дәстүрді қайта тірілтуге барынша күш салды. Ақ кимешек киген аналарымыз ұршық иіріп, жас келіндер күбі пісіп, жастар жағы ән мен жырға бөлеп, кереметтей көңіл – күй, ерекше әсер қалдырды. Бәрінен де, жастар халқымызда ерулік деген дәстүр бар екенін, жаңа қоныстанған көршіге көрсетілетін көмек екенін ұқты.

Мира Есентаева, Мақтаарал аудандық әжелер алқасы төрайымының орынбасары

Ерулік деген тақырыпты өткізу себебіміз – жас ұрпақтарға өзіміздің қазақтың салт – дәстүрін дәріптеу, үйрету. Елімізде көптеген салт – дәстүрлер бар , ұмытылып бара жатқан ерулік деген дәстүрінің бірі. Сондықтан да жандандыру үшін, жаңғырту үшін осы тақырыпты таңдап, өткізіп жатырмыз.

      Кеш барысында мектеп ұжымының ғана емес, бүкіл ауыл халқының ынтымағы паш етілді. Ал шара соңында дәстүрді жаңғыртуға үлес қосқан аналар алғыс хаттармен марапатталды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *