Skip to content

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ: ЕЛІМІЗДЕ ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУЛЕРДІ ІСКЕ ЖАРАТЫП, ҚОЛДАНЫСҚА ЕНГІЗЕТІН ӨНДІРІС ӨТЕ АЗ

    Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі ғылым саласының басты проблемасын атады, деп хабарлайды Sanur.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

   Президенттің сөзінше, елімізде мықты ғылыми мектеп бар. Білікті ғалымдарымыз да көп. Мемлекет тарапынан ғылымға жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр.

  Соңғы жылдары бұл салада біршама өзгеріс болды. Ғылымды қаржыландыру тәсілдері жақсарды, қаржы көлемі едәуір артты. Ғылыми мекемелер біртіндеп жаңғыртылып жатыр. Әлемге әйгілі ғылыми орталықтарда тәжірибеден өткен мамандар саны көбейіп келеді. Докторанттарды даярлауға және ғылыми жұмыспен айналысуға бөлінетін грант саны артты. Жалпы, жастардың ғылымға деген қызығушылығы ояна бастады. Мемлекет басшысы мұның бәрі жеткіліксіз екенін атап өтті.

      «Ашығын айтсақ, ғылым саласы әлеуметтік-экономикалық өркендеуге әлі де тың серпін бере алмай отыр. Қазақстан басқа посткеңестік мемлекеттер секілді ғылым дамуының «мобилизациялық модель» парадигмасынан шыға алмай қалды.

    Жоспарлау мен басқарудың шектен тыс орталықтанған жүйесі, мемлекеттік қаржыландыруға тым тәуелді болу, ҒЗТКЖ-ға бизнес тарапынан сұраныстың аз болуы, кадр тапшылығы, әсіресе жас мамандардың ғылымнан кетуі – осы модельге тән проблемалар», – деді ҚР Президенті.

    Одан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде ғылыми зерттеулерді іске жаратып, қолданысқа енгізетін өндіріс өте аз екенін айтты.

    «Қазіргі ахуалды сипаттау үшін мына мәселелерге тоқталып өту қажет. Соңғы бес жылда ғылымға бөлінетін қаржы 60 пайызға артты. Ал ішкі жалпы өнімдегі ғылымның үлесі, керісінше, 0,13 пайызға төмендеді.

    Бұл қаражаттың басым бөлігі, нақтырақ айтсақ, 70 пайызы бюджеттен бөлінеді. Сондай-ақ ғылымның түрлі саласын қаржыландыру ісінде өте үлкен теңсіздік бар. Қаражаттың 82 пайызы іргелі және қолданбалы ғылымға жұмсалады. Қалған 18 пайызы ғана тәжірибелік-конструкторлық зерттеулерге арналған.

     Елімізде ғылыми зерттеулерді іске жаратып, қолданысқа енгізетін өндіріс өте аз. Кәсіпорындардың 65 пайызы шикізат, металлургия саласында жұмыс істейді. Бұл – үшінші технологиялық деңгей деген сөз», – деді Мемлекет басшысы.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *