Skip to content
Главная страница » ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ СҮЛЕЙМЕН ДЕМИРЕЛ АТЫНДАҒЫ УНИВЕРСИТЕТКЕ БАРДЫ

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ СҮЛЕЙМЕН ДЕМИРЕЛ АТЫНДАҒЫ УНИВЕРСИТЕТКЕ БАРДЫ

   Президент жоғары оқу орнының білім беру және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен, сондай-ақ университетті одан әрі дамыту стратегиясымен  танысты, деп хабарлайды Sanur.kz.

   Университет ректоры Әлімжан Игенбаевтың айтуынша, мұнда 8500-ден астам студент оқиды. Олардың арасында Орталық Азия, Қытай, Ресей, Моңғолия, Индонезия секілді мемлекеттердің азаматтары бар.  Сонымен қатар оқу ордасында 500-ге жуық профессор жұмыс істейді.

   Мемлекет басшысына университетте қазақ тілі, Қазақстан тарихы, математика және IT салалары бойынша жобаларды жүзеге асыратын ғылыми-зерттеу институты мен орталықтар, ғылыми зертханалар жұмыс істейтіні туралы баяндалды. Бұдан бөлек, университет шетелдік 70 жоғары оқу орнымен байланыс орнатқан, сондай-ақ Erasmus бағдарламасына, академиялық ұтқырлық пен тәжірибе алмасуға қатысты басқа да жобаларға қатысады.

  Қасым-Жомарт Тоқаев жас оқытушылармен, ғалымдармен, студенттермен әңгімелесу барысында білім беру жүйесіне озық әдістерді енгізу маңызды екенін ерекше атап өтті.

Қазіргі заманда технологияны жетік меңгеру керек. Мен өз Жолдауымда Қазақстанды  IT саласы дамыған озық елге айналдыру қажеттігі туралы айттым. Университеттеріңізде осы игі мақсатқа жету үшін зор күш-жігер жұмсалып жатыр деп ойлаймын. Сіздер оқуда озат болады деп үміттенемін. Ұлыбританияда және басқа да шет елдерде білім алған білікті профессорларыңыз бар. Бәріміз Қазақстанның игілігі үшін еңбек етуіміз керек. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Елімізге білімді, белсенді және ақылды жастар қажет. Сондықтан сіздерге зор сенім артамын. Баршаңызға табыс тілеймін, – деді Президент. 

  Инженерлік және жаратылыстану ғылымдары факультетінің студенттері Мемлекет басшысына «Формула Студент» инженерлік жарыс жобасы аясында өздері құрастырған автокөлікті көрсетті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған