Кәсіпкерлікті ынталандыру мақсатында бір жылда 266 млрд теңгеге мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Бұл туралы Мәжілісте «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын таныстыру кезінде Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы айтты, деп хабарлайды Sanur.kz тілшісі.
«Экономиканың нақты секторын дамытуды қолдауға 2024 жылға 2,8 трлн теңге қарастырылған. Кәсіпкерлікті ынталандыру мақсатында 2024 жылы сомасы 266 млрд теңгеге мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ қазақстандық тауарларды сыртқы нарықтарға жылжыту үшін келесі жылы 8,7 млрд теңге бөлінбек. Бұл 200 экспорттаушыға қолдау көрсетуге, 18 сауда миссиясын және шетелде 20 көрмені ұйымдастыруға мүмкіндік береді», — деді А. Бейсенбекұлы.
Сонымен қатар ол өңдеу өнеркәсібіндегі ірі жобаларды қаржыландыруға 120 млрд теңге бағытталатынын айтты.
Өнеркәсіп салаларын дамыту аясында 64 кәсіпорынға мемлекеттік қолдау көрсетуге және ғылыми-техникалық бағдарламаларды өткізуге 8,7 млрд теңге бөлу жоспарланған.
Бұдан бөлек, вице-министр аграрлық секторды дамытуға 3 жыл ішінде 1,2 трлн теңге жұмсалатынын айтты.
«Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жеңілдетілген несие бөлуге жыл сайын 140 млрд теңге қарастырылған. «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде келесі жылы 100 млрд теңге бөлінеді. Сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі бойынша ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға да 100 млрд теңге сомасында несие беріледі», — деді Абзал Бейсенбекұлы Мәжілісте бюджет бойынша заң жобасын таныстыра отырып.