Skip to content

ҚАЗАҚСТАНДА ДӘРІХАНАЛАРҒА 2 АЙДАН КЕЙІН ЖАРАМСЫЗ БОЛАТЫН ДӘРІЛЕРДІ САТУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНБАҚ

    Қазақстанда дәріханаларға рецепт бойынша ғана берілетін дәрі-дәрмекті витринаға қоюға тыйым салынбақ. Бұл туралы Sanur.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

   “Ашық НҚА” порталында жарияланған құжатта дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды көтерме және бөлшек саудада сату ережелеріне өзгерістер енгізілетіні жазылған. 

   Қазіргі ережелер бойынша дәріхананың сауда залында, дәріхана пунктінің халыққа қызмет көрсету аймағында витринаға дәрігердің рецептінсіз сатылатын дәрілік заттар қойылады. Осы тармақты рецепт бойынша ғана сатылатын дәрі-дәрмекті витринаға орналастыруға тыйым салу туралы өзгеріспен толықтыру жоспарланып отыр.

   Дәріханалар халыққа жарамдылық мерзімі өтіп кеткен дәрілерді сатпауы үшін жарамдылықтың ең төменгі мерзімі бекітіледі. Яғни көтерме сауда кезінде дәрілер мен медициналық бұйымдардың жарамдылық мерзімі алты айдан кем болмауға тиіс. Ал бөлшек саудада дәрі-дәрмектің жарамдылық мерзімі екі айдан кем болмауы керек.

  Негіздемеде қазіргі уақытта медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне, сондай-ақ аумақтық департаменттерге жарамдылық мерзімі өткен препараттардың сатылатыны туралы шағымдар келіп түсіп жатқаны айтылған. 

  Бұйрық жобасы 27 қыркүйекке дейін қоғамдық талқылауға шығарылды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *