Skip to content

ҚАЗАҚСТАНДА МЕДИЦИНА МЕКЕМЕСІ ҒИМАРАТТАРЫНЫҢ 44,7 ПАЙЫЗЫ ТОЗҒАН

     Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният тозыңқы аурухана ғимараттары және жаңадан салынатын денсаулық сақтау объектілері туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Sanur.kz.

    «Бүгінде республика бойынша 6 мыңнан астам мемлекеттік денсаулық сақтау объектісі халыққа медициналық қызмет көрсетіп отыр. Оның ішінде 492 аурухана және 5695 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысаны бар. Медициналық ұйым ғимараттарының тозу деңгейі – 44,7%. Атап айтқанда, стационарлар ғимаратының тозуы – 43,5%, ал медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдары – 41,9%. Сонымен қатар елдегі жұмыс істеп тұрған стационарлардың көпшілігі халықаралық стандарт талаптарына сәйкес келмейді», – деді Ажар Ғиният Үкімет отырысында

   Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту жұмысы жүріп жатыр.

   «Ұлттық жоба аясында 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығы салынады. Сондай-ақ, ел бойынша 32 көпбейінді аудандық орталық аурухана күрделі жөндеуден өтіп, қайта жаңартылады. Аталған шаралар ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – дейді министр.

   Одан бөлек, А. Ғиният қалаларда бірнеше денсаулық сақтау мекемесі салынатынын хабарлады.

– Астана және Алматы қалаларында 2 ғылыми-инновациялық көпбейінді клиника;

– мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде 8 көпбейінді аурухана;

– 12 перинаталды орталық;

– онкология орталықтарының желісі.

Сонымен қатар, бүгінде мына өңірлерде құрылыс жалғасып жатыр:

– Қостанай, Алматы облыстарында 3 аудандық емхана;

– Қызылорда, Павлодар облыстарында 2 көпбейінді аурухана (қайта жөндеу);

– Маңғыстау облысында аудандық орталық аурухана;

– Қызылорда қаласында қан орталығы.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *