Skip to content
Главная страница » ҚАЗАҚСТАННЫҢ АРАБ ЕЛДЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ЗЕРТТЕУШІЛЕРІ БАӘ-ГЕ ШАҚЫРЫЛДЫ

ҚАЗАҚСТАННЫҢ АРАБ ЕЛДЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ЗЕРТТЕУШІЛЕРІ БАӘ-ГЕ ШАҚЫРЫЛДЫ

      Парсы шығанағындағы Араб елдері жөнінде зерттеу жүргізетін қазақстандық зерттеушілерді Біріккен Араб Әмірліктеріне жіберілуі мүмкін. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбілдің 6-9 наурыз аралығында Біріккен Араб Әмірліктеріне жасаған сапары барысында айтылды, деп хабарлайды Sanur.kz.

           Е.Әбіл жұмыс сапарымен Ануар Гаргаш Дипломатиялық академиясына (AGDA) және Мухаммед Бин Рашид Мемлекеттік басқару мектебіне (MBRSG) барды.

      Алғашқы кездесу Ануар Гаргаш Дипломатиялық академиясының бас директоры Николай Младеновпен өтті. Оның барысында ынтымақтастықтың негізгі бағыттары, атап айтқанда, дипломатия және мемлекеттік басқару саласында бірлескен зерттеулер жүргізу, оқытушылық құраммен алмасу және білім алушыларға арналған тағылымдама ұйымдастыру, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру саласында тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды.

      Анвар Гаргаш Дипломатиялық академиясы Парсы шығанағындағы Араб елдері жөнінде зерттеу жүргізетін қазақстандық зерттеушілерді Біріккен Араб Әмірліктеріне, ал Орталық Азия елдеріне қызығушылығы бар өз академиясының профессорларын Қазақстанға жіберуді ұсынды.

     Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың қаңтар айында Мемлекет басшысының БАӘ-ге ресми сапары барысында екі оқу орны арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған еді.

      Академия ректорының сапары барысындағы екінші кездесуі Мухаммед Бин Рашид мектебінің Президенті Али Аль Марримен өтті.

   «Мухаммед Бин Рашид мектебінің басшысымен «Public Administration», «Public Policy» магистрлік бағдарламалары бойынша қос дипломдық ортақ бағдарлама ашу, білім алушылар мен профессорлық құрам арасында академиялық алмасу бағдарламаларын ұйымдастыру, ортақ зерттеулер жүргізу, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру бағытындағы тағылымдамаларды ұйымдастыру мәселелерін талқыладық», – деді Ерлан Әбіл.

  Кездесулер соңында Анвар Гаргаш Дипломатиялық академиясы және Мухаммед Бин Рашид мектебі басшылығы Академияның ұйымдастыруымен 2023 жылдың 27-28 сәуірінде өтетін жыл сайынғы халықаралық ғылыми конференцияға шақырылды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған