1 наурыз – Алғыс айту күніне орай Мақтаарал ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ ұйымдастыруымен мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және қолданыс аясын кеңейту, халықтар арасындағы қатынас тіліне айналдыру мақсатында 16-29 жас аралығындағы өзге этнос жастарының қатысуымен «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты байқау өткізілді, деп хабарлайды Sanur.kz.
Биыл қазақтың көрнекті ақындары Сұлтанмахмұт Торайғыров пен Мағжан Жұмабаев мерейлі 130 жасқа толып отыр. Ақындардың мол әдеби мұрасы оларды қазақ әдебиетінің классиктері қатарына қосты. Аталған байқау ақиық ақындарымыздың шығармашылығына арналды.
Аудандық арнайы білім беру мекемелері мен ЖОМ дардан әртүрлі ұлт жастары өзара Сұлтанмахмұт Торайғыровтың поэзиясынан, Мағжан Жұмабаевтың прозасынан үзінділер оқып сайысты. Барлық үміткерлердің көрсеткен өнеріне жиналған көпшілік ризашылықпен қол соқты.
Ақындардың шығармаларын таза қазақ тілінде оқыған жастарға әділқазылар алқасы да, көрермендер риза болды.
Әділқазылар алқасының шешімімен «Мақтаарал» аграрлық колледжінің студенті, қарақалпақ ұлтының өкілі Олжабаева Сулухан жүлделі I орынға ие болды. II орынды Әл- Фараби атындағы ЖОМ оқушысы Нарзулаева Рухшона мен Қажымұқан ЖОМ оқушысы Рахманбердиева Дилноза бөлісті. Ал, III орынға «Асыл мұра» ЖОМ бастауыш сынып мұғалімі Маматкулова Назокат пен №14 колледж студенті Холова Гулмо лайық деп табылды.
Қалған қатысушылар орталықтың атынан алғыс хат және естелік сыйлықтармен марапатталды.