Skip to content

МАҚТААРАЛДА СЕНБІЛІККЕ 3 МЫҢНАН АСА АДАМ ҚАТЫСТЫ

    “Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы” Заңды тұлғалар бірлестігі 2023 жылдың 16 қыркүйегін еліміздің барлық аумақтарында “Дүниежүзілік тазалық күні” (World Cleanup day 2023) сенбілік акциясы өтеді деп жариялаған болатын.
 
   Осыған байланысты Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың тапсырмасымен кенттер мен барлық елдімекендердің тазалық жұмыстарының жандануы үшін тиісті шараларды жүргізу міндеттеліп, 3 мыңнан аса тұрғындардың қатысуымен ауқымды сенбілік өтті.
 
  Тазалық жұмыстарына мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері, ауданның ерікті жастары, тұрғындар белсене қатысты. Әрбір мекеме мен бөлімдерге арнайы учаскелер бекітіліп, бей-берекет жатқан қоқыс орындары тазаланды. “Азаттық-Атакент”, “Атакент-Мырзакент”, “Мырзакент-Жетісай” тас жолы бойының арам шөптері шабылып, қатты тұрмыстық қалдықтары жиналды.
 
“Сенбілікке аудандағы мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелерден 230-дан астам қызметкер мен 15-тен аса арнайы техникалар қатысып, әрбірі өздеріне бекітіліп берілген территорияларында тиісті жұмыстарды атқарды. Мұндай шаралар аудан аумағында тұрақты түрде өткізіліп келеді” – деді, ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Ғ.Полатов.
 
   Жалпы сенбілік барысында 75 шақырым жолдың бойы, 35 шақырым аяқжолдардың бойы, 55 шақырым арық-атыздардың бойы, 25 шақырым ирригациялық жүйелердің бойы тазаланып, 19,5 тонна күл-қоқыс шығарылған. Одан бөлек, 1,5 гектар саябақтың, 1,2 гектар скверлердің, 1500 шаршы метр үй іргелік жерлердің аумақтары ретке келтірілген. 5 дана балалар алаңшалары мен 6 дана футбол алаңшалары да күл-қоқыстан арылды. Сонымен қатар, 8 дана автобус аялдамалары, 1600 шаршы метр үйлердің сыртқы қасбеттері әктеліп, сырланды.
 
   Айта кетейік, кез-келген аудан, қаланың тазалық көрсеткiшi сол мекеннің тұрғындарының мәдени деңгейiн көрсететіндіктен, аудан әкімінің бастамасымен ауданымызда тұрғындардың жақсы тұрмысы үшін бірқатар игі істер атқарылуда. Көшелер кеңейтіліп, түнгі жарықшамдар орнатылуда. Арық-атыздар мен қашыртқылар тазаланып, көшет егу жұмыстары да кезең-кезеңімен жүргізілуде. Ендігі жерде тұрғындарымыз қоршаған ортаның тазалығына үлкен мән беріп, жауапкершілікті сезінулері керек.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *