Skip to content
Главная страница » МӘЖІЛІСКЕ ЗАҢ ҚАБЫЛДАУ ӨКІЛЕТТІГІ ТОЛЫҚ БЕРІЛДІ – ЕРЛАН ҚОШАНОВ

МӘЖІЛІСКЕ ЗАҢ ҚАБЫЛДАУ ӨКІЛЕТТІГІ ТОЛЫҚ БЕРІЛДІ – ЕРЛАН ҚОШАНОВ

       Мәжіліс депутаттарының негізгі жұмысы – сапалы және нақты жұмыс істейтін заңдарды қабылдау. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында палата төрағасы Ерлан Қошанов айтты, деп хабарлайды Sanur.kz.

        «Мемлекет басшысының реформаларының нәтижесінде елдегі негізгі саяси институттардың барлығы жаңғырды. Өткен Мәжіліс сайлауы сол жаңарудың соңғы сатысы болды. Оған дәлел Мәжілісте алғаш рет 6 саяси партия және бірмандатты округтен сайланған депутаттар отыр. Біздің бағдарламаларымыз бен көзқарасымыз әртүрлі болғанымен елдің мүддесі, мемлекеттің мүддесі мәселелеріне келгенде бәріміздің ойымыз да, міндетіміз де ортақ. Сондықтан алдымыздағы мақсат-міндеттерді тізе қосып, бірге асыруымыз керек деп есептеймін. Күн сайын жұмысымыздың қарқыны да, салмағы да арта түспек», – деді Ерлан Қошанов.

       Сонымен қатар ол заң шығару мәселесіне де тоқталды.

    «Біздің негізгі жұмысымыз – сапалы және нақты жұмыс істейтін заңдарды қабылдау. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы шақырылымның бірінші сессиясында жаңа Парламенттің алдында тұрған міндеттердің ауқымдылығына тоқталған болатын. Оның ішінде Мемлекет басшысы еліміздің қарқынды дамуы үшін алдағы 5 жылда сапалы заңнамалық негіз жасауды тапсырды. Бұл үшін барлық алғышарт жасалған. Мәжіліске заң қабылдау өкілеттілігі бүгінде толық берілді. Енді жүк те жауапкершілік те бізге түседі деген сөз. Сондықтан депутаттар үйлесімді, тиімді және жүйелі жұмыс істеуі керек», – деді ол.

     Палата төрағасы қазір Мәжілісте 50-ге жуық заң жобасы қаралып жатқанын атап өтті.

     «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жуық арада тағы да бірқатар заң жобасы бізге келіп түседі. Біз оларды тез әрі сапалы түрде қабылдауымыз керек. Бұдан бөлек, депутаттарда заң шығаруға бастамашы болуға өкілеттігіміз бар. Сол мүмкіндікті біз толық пайдалануымыз керек. Оның үстіне біз бәріміз өңірлерді аралап келдік. Көптеген депутат сол өңірлерден қызмет атқарып келді. Біз барлық түйткілді жақсы білеміз деп айта аламын. Өзекті мәселелерді де біз жақсы білеміз. Сондықтан депутаттар белсенділігін барынша арттырып, осы мәселелерді заңнамалық түрде реттеуге ат салысады деп ойлаймын», – деді Мәжіліс спикері.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған