Жыл басында шамамен 68 млрд теңге бюджет қаражатына аудит жүргізілді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтып берді, деп хабарлайды Sanur.kz.
«2023 жылғы қаңтарда 1,3 трлн теңгеден астам сомаға 65 мыңнан астам мемлекеттік сатып алу рәсімі камералдық бақылаумен қамтылды. Тексеру қорытындысы бойынша 6 038 рәсімде бұзушылықтар анықталды, оның ішінде мемлекеттік аудит объектілері бұзушылықтарды жою туралы хабарламалардың 73%-ін орындады», – деді Ерұлан Жамаубаев Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Қаржы министрінің айтуынша, 136 аудиторлық іс-шара өткізілді. Шамамен 68 млрд теңге бюджет қаражаты аудитпен қамтылды.
«Сондай-ақ, 3 млрд теңгеге жуық қаржылық бұзушылықтар анықталған. Тауар жеткізу, қызмет көрсету және жұмыстарды орындау, бюджетке өтеу және есепте көрсету жолымен 320 млн теңгеге бұзушылықтар жойылды. Аудит объектілері қызметін жетілдіру және тиімділігін арттыру үшін 131 ұсыным берілді», – деді Е. Жамаубаев.
Айта кетейік, қаңтар айында мемлекеттік бюджетке 1,5 тлрн теңге түскен. Ал, бюджеттің 71 млрд теңгесі игерілмей қалған.