Skip to content
Главная страница » МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДА КЕЛІСІМШАРТПЕН ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН ҚЫЗМЕТШІЛЕР НЕМЕН АЙНАЛЫСАДЫ

МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДА КЕЛІСІМШАРТПЕН ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН ҚЫЗМЕТШІЛЕР НЕМЕН АЙНАЛЫСАДЫ

     Елімізде мемлекеттік орган келісімшарт бойынша тартатын келісімшарттық қызметшілер институты заңнамалық тұрғыда бекітіледі. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев айтты, деп хабарлайды Sanur.kz.

    Атап айтқанда, бүгін палата отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды.

     Келісімшарттық қызметшілер институты туралы норма осы заңда қамтылып отыр.

    ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаевтың айтуынша, ұлттық және өзге де жобаларды іске асыру үшін мемлекеттік орган келісімшарт бойынша тартатын келісімшарттық қызметшілер институтын заңнамалық бекіту ескерілген.

    Мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында мемлекеттік аппарат штатын оңтайландырғаннан кейін, келісімшарттық қызметшілер институтын енгізу міндеті қойылған.

    «Олар мемлекеттік қызметші санатына жатпайды. Бұл салалық жобаларды іске асыру кезеңіне арнаулы білімі бар кәсіби мамандарды тартуға мүмкіндік береді. Келісімшарт мерзімі бір жылдан аспайды. Келісімшарттық қызметшілерге қатысты нақты ереже мен тәртіп тиісті Үкімет қаулысында белгіленеді», – деді агенттік басшысы.

    Айта кетейік, бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында Дархан Жазықбаев аталған институтқа қатысты түсінік берген болатын.

 Мемлекеттік органдардағы келісімшарттық қызметшілер мемлекеттік қызметшілер болып саналмайды. Алайда келісімшартқа сәйкес оларға нақты міндеттерді шешуде белгілі бір құзыреттер беріледі. Келісім­шарттық қызметшілердің қызметі мен міндеттері бір жылдық мерзімге жасалатын еңбек шартында айқындалады.

   Келісімшарттық қызметшілерді тарту бірқатар міндетті шешуге ықпал етеді деп күтіледі.

   Атап айтсақ, мемлекеттік бастамалар мен салалық жобаларды табысты іске асыруды; нақты салада, экономика сегментінде, әлеуметтік салада бірегей, табысты, өзіндік тәжірибені тарату және енгізуді; жаңа технологиялар трансфертін қамтамасыз етуді; инновациялық ойлауды дамытуды; мемлекеттік бастамалар мен салалық жобаларды іске асыру кезінде практикалық өзара іс-қимыл арқылы мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруды; мемлекеттік аппаратты басқарудың икемді моделін дамытуды реттей алады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған