Skip to content

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТ КІРІСТЕРІ 14,6 ТРЛН ТЕҢГЕ КӨЛЕМІНДЕ ЖОСПАРЛАНЫП ОТЫР

   Биыл республикалық бюджет кірістері 14,6 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін Сенатта Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков айтты, деп хабарлайды  Sanur.kz.

    «Сіздердің қарауларыңызға 2023 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасы ұсынылып отыр. Заң жобасы Президент Жолдауы мен сайлауалды бағдарламасының іс-шараларын, сондай-ақ бірқатар басқа да міндеттерді қаржылық қамтамасыз ету мақсатында әзірленді. Осы жылға арналған республикалық бюджетті нақтылауды дайындау кезінде мынадай тәсілдер қолданылды. Бірінші, 2023 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының көрсеткіштері бұрын бекітілген деңгейде сақталды. Екінші, бюджет тапшылығының мөлшері жалпы ішкі өнімнің 2,7 пайызын құрайды. Бұл белгіленген бюджеттік қағидаларға сәйкес келеді», – деді ол.

    Оның атап өтуінше, үшіншіден, осы жылға арналған республикалық бюджеттің кірістері 721 млрд теңгеге ұлғайды. Кірістер өсуінің негізгі факторлары біржолғы түсімдер, сондай-ақ салықтық және кедендік әкімшілендірудің жақсаруы болып табылады. Төртінші, Жолдау мен сайлауалды бағдарламаның іс-шараларын қаржылық қамтамасыз ету мақсатында қосымша 800 млрд. теңге сомасында Ұлттық қордан нысаналы трансферт тартылды. Бесінші, бюджет шығыстарының ішінде 672 млрд теңге сомасында шығыстарды қайта бөлу жүзеге асырылды.

   «Нәтижесінде 2023 жылға арналған трансферттерді есепке алмағанда республикалық бюджеттің кірістері 14,6 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр. Жалпы алғанда бюджеттің өз кірістерінің өсімі өткен жылмен салыстырғанда шамамен 4,2 трлн теңгені немесе 40 пайызды құрайды. Бюджеттің кірістері мен шығыстарын қайта қарауды ескере отырып, 2023 жылға арналған республикалық бюджеттің параметрлері былайша қалыптасты. Бюджет түсімдері 1,5 трлн теңгеге ұлғайып 19,3 трлн теңгені құрайды. Бюджет шығыстарыда 1,5 трлн теңгеге артып 22,5 трлн теңгеге жетеді», – деді Дәурен Темірбеков.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *