Мәжіліс және мәслихаттар депутаттары сайлауы алдындағы үгіт-насихат науқаны барысында БАҚ беттеріне жарияланған материалдарда қандай заң бұзушылықтарға жол берілді? Бұл жөнінде Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Қанат Ысқақов айтып берді, деп хабарлайды Sanur.kz.
«Алғаш рет сайлау заңнамасына енгізілген өзгерістерге сәйкес саяси партиялардың онлайн-платформаларда үгіт-насихат жүргізуіне мүмкіндік берілді. Осыған байланысты біздің министрлік тарапынан тиісті жұмыстар атқарылды.
Мониторинг барысында келесі кемшіліктер анықталды. Онлайн платформаларда көптеген пікірталас болды, сұхбат берілді. Біз мұны тікелей үгіт-насихат ретінде қарастырған жоқпыз. Оны азаматтық ұстаным деп санаймыз. Онлайн-платформа бойынша басты қағидат – егер ақылы материал орналастырылса, оларда таңбалау болуы тиіс. Яғни материал кімнің атынан, кімнің қолдауымен шыққаны көрсетілуі қажет. Сонымен қатар азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірілсе, онда айыпты заң бойынша қудаланады», — деді Қанат Ысқақов Орталық сайлау комиссиясының отырысында.
Спикердің айтуынша, саяси партиялардың БАҚ-тағы жарияланымдарының біркелкілігін халықаралық ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясы бақылаушылары қадағалады.
Министрлік БАҚ беттеріне жарияланған үгіт-насихат материалдарының мазмұнына талдау жүргізді. (6 телеарна және 6 интернет-ресурс). Мониторинг нәтижесі көрсеткендей барлық партиялардың қызметі біркелкі болды.
«Заңбұзушылықтарға келетін болсақ, олардың дені таңбалаудың болмауы және Орталық сайлау комиссиясында тіркелмеген ұйымдардың сауалнама жүргізуі. Аталған фактілер өрескел бұзушылық ретінде тіркелді, тиісті органға ақпарат жіберілді», — деп толықтырды Қ. Ысқақов.
Бұған дейін Бас прокуратура сайлауалды науқанда қандай заңбұзушылықтардың жиі тіркелгені туралы айтқан еді.