Skip to content

СОТ САРАПТАМАЛАРЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫМЫ ӨЗГЕРУІ МҮМКІН

      Премьер-Министр Әлихан Смайылов Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында Сот сараптамалары орталығының құрылымы өзгеруі мүмкін екенін мәлім етті, деп хабарлайды Sanur.kz.

        «Әділет министрлігі технологиялық прогресті ескере отырып, сараптамалық міндеттер қиындағанын, олардың шешімі ғылыми әдістерді қолдануды, алынған нәтижелерді терең талдауды, стандартты емес зерттеулерді жүргізуді қажет ететінін мәлімдеп отыр. Осыған байланысты Сот сараптамалары орталығының штат санын ұлғайту қажеттілігі туындайды. Жоғарыда көрсетілген міндетті шешу үшін министрлік босатылған әкімшілік бірліктерді сот сарапшылары лауазымына ауыстыра отырып, орталықтың және оның аумақтық бөлімшелерінің құрылымын өзгерту мәселесін пысықтап жатыр», – деп жазады Үкімет басшысы.

     Әлихан Смайылов сот сараптама қызметі мамандарының жалақысын көтеру мәселесі республикалық бюджет мүмкіндіктеріне байланысты екенін жеткізген.

   «Бүгінгі таңда Әділет министрлігінің Сот сараптамалары орталығындағы сот сарапшыларының штат саны – 1 272. 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап сот-медицина бөлімшелері қызметкерлерінің еңбекақысын өсіруге республикалық бюджеттен 1 млрд 953 млн теңге және 2022 жылғы 1 шілдеден бастап қосымша 713 млн теңге медициналық бейіндегі емес сот сарапшыларына бөлінді.

    «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспары аясында, оның ішінде медициналық және медициналық бейіндегі емес сот сарапшыларының, орта медициналық персоналдың, әкімшілік және қосалқы персоналдың, сот сараптамасының білікті және біліктілігі жоқ жұмыс органдарының орташа жалақысын республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат есебінен 2029 жылға дейін ұлғайту көзделген», – делінген жауапта.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *