Skip to content

ӘЛЕУМЕТТІК ДҮКЕНДЕР 3 ЕСЕ АРТАДЫ

     Түркістан облысында азық-түлік құнын тұрақтандыру шаралары жалғасуда.  Облыс әкімі Дархан Сатыбалды қолданыстағы тәсілдерді күшейтіп, бағаны тұрақтандыру бойынша нақты нәтиже беретін тетіктер табуды тапсырды, деп хабарлайды Sanur.tv. Аппарат жиынында алыпсатарларға бақылауды күшейтіп, азық-түлік пен тауар құнын негізсіз өсіруге жол бермеуді айтты. Бағаның бақылаусыз кетпеуін қадағалауды тапсырды.

     Биыл белгіленген бағада сауда жасайтын әлеуметтік дүкендер санын 13-тен 50-ге жектізу көзделген. Бағаны тұрақтандыру үшін облыс орталығында және аудандарда азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізетін мониторингтік топтар жұмыс атқаруда. Бағаның негізсіз өсу фактілерінің жолын кесу және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін 15%-ға арттыруға жол бермеу үшін сауда желілерімен, өндірушілермен, үй жанындағы дүкендермен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша ірі сауда ұйымдарымен тұрақты негізде меморандумдарға қол қойылады.

   Мониторинг және талдау нәтижесінде бірқатар сауда орындарында сауда үстемесінің асып кету фактісі анықталып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасалды. 

   Ауыл шаруашылығы өндірушілерінің айналым схемасы мен форвардтық шарттар қатысушыларының сауда желілеріне көкөніс өнімдерін тікелей жеткізуі есебінен қаланың ірі супермаркеттерінде көкөніс бағасы төмендетілді. Түркістан қаласының тұрғындарын азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету үшін, қала аумағында 25 ірі супермаркет, 3 көтерме сауда орын және 187 дүкен қызмет көрсетуде. Бағаны тұрақтандыру мақсатында бастапқы бағасынан 15 пайыздық үстемақыдан асырмау қажеттігі туралы 25 әмбебап дүкен иелерімен меморандум түзілді.

   Өңірде 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары бойынша жалпы 99,3 мың тонна қоры бар. Әлеуметтік маңызы бар азық – түлік тауарларының 15 түрі облыста өндіріледі. Қант, рожки, қарақұм жармасы мен күнбағыс майы көрші өңірлерден тасымалданады. Облыс тұрғындары өңірде өндірілетін құс етімен – 11,7%, жұмыртқамен 45%, қамтамасыз етіледі. Осыған орай құс шаруашылығын дамыту бағытында биылдан бастап, жалпы құны 17 млрд. теңгені құрайтын 6 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жұмыстары жүргізілуде. Олар Ордабасы, Сайрам, Мақтаарал, Сарыағаш, Төлеби аудандарында орналасады. 

   Болжам бойынша биыл 20 мың га жерге ерте пісетін дақылдар егіліп, сәуір-шілде айлары аралығында 460 мың тоннаға жуық өнім жинау (200 мың тонна қырыққабат, 30 мың тоннадан астам сәбіз, 55,5 мың тонна пияз, 186,3 мың тонна картоп) жоспарлануда. 

    Тауар айналымы бойынша өңіраралық байланыстарды нығайту мақсатында 19 қаңтарда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасымен барлық өңірлер әкімдіктері мен ӘКК-ның өкілдерінің қатысуымен Сарыағаш ауданында ерте пісетін көкөніс өнімдерін жеткізуге форвардтық келісімшарттар түзу жөнінде көшпелі жиналыс өтті. Жиын қорытындысымен жалпы 6440 тонна өнімді ауыл шаруашылығы тауарын өсірушілерден тікелей сатып алу жөнінде келісімшарттарға қол қойылды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *