Антикор шетелден қайтарылған 38 млрд теңгені қайда және қалай жұмсамақ? Аталмыш сұраққа ведомство төрағасының орынбасары Асхат Жұмағали мәлім еткендей Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі арқылы елге қайтарылған қаражат мектеп салу мен жөндеуге жұмсалатын болады. Толығырақ алдағы бейнематериалда
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі активтерді қайтару және келтірілген залалды өтеу бойынша жұмысты жалғастыруда. Агенттік төрағасының күнделікті үйлестіруімен жедел-тергеу құрылымдық бөлімшелерінің жолға қойылған жұмысы дәлелдемелерді уақтылы белгілеуге, бекітуге және тиісті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді», – деп жазды Асхат Жұмағали Facebook парақшасында.
Оның айтуынша, өзекті істер агенттік төрағасының жеке қадағалауында.
«Мәселен, өткен айда шет елден 82 млн АҚШ доллары қайтарылды. Нәтижесінде ел бюджеті тағы 38 млрд теңгеге толықты. Істер бойынша алынған ақшалай қаражат «Білім инфрақұрылымын қолдау қорына» жіберіліп жатыр. Қазір арнайы шотта, шамамен, 120 млрд теңге жинақталған. Ол қаржы мектеп салуға және жөндеуге пайдаланылады», – деп түсіндіріп өтті ол.
Сондай-ақ, төраға орынбасары аталған бағыттағы жұмыстың жалғасатынын айтты.