Skip to content

АУДАН ӘКІМІ ИНВЕСТОРЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ

  Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлының өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін арттыру, жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша берілген тапсырмасын орындау мақсатында Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов инвесторлармен кездесулер өткізді. Екі жақты келіссөздер жүргізу барысында ұсыныстар айтылып, шарттары талқыланды.

   Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы «John Deere» компаниясының өкілдерін қабылдады. Мақсат – инвестиция тарту арқылы мақта шаруашылығына қажетті заманауи комбайндарды ауданда жөндеу, құрастыру орталықтарын ашу, жергілікті тұрғындар арасында жұмыссыздық деңгейін төмендету. Аталмыш компанияның өкілі Аслан Ибрагимовтың айтуынша техникалық қызмет көрсету орталығы іске қосылған жағдайда негізгі құрам қолынан іс келетін жергілікті тұрғындардан жасақталатын болады. Ауданның дамуына, тұрғындардың жұмыспен қамтылуына қаржы салатын әрбір инвестордың маңызды екенін, инвестиция тарту арқылы кәсіпорындар ашылып, тұрғындардың тұрмыстық жағдайы жақсаратынын айтқан аудан басшысы ауданда 91 дана «John Deere» маркалы комбайндарының бар екенін жеткізді.

  Сондай-ақ, аудан әкімі «Жаркент жүгері өңдеу зауыты» ЖШС бас директоры Вилиян Халиковпен де кездесті. 2005 жылы Алматы облысының Панфилов ауданында ашылған зауыт тәулігіне 350 тонна, жылына 120-140 мың тонна жүгері өңдеуге қауқарлы. Бүгінде 300 адам тұрақты жұмыс істейтін зауыт өнімдерін Азия және Еуропа елдеріне экспорттайды. Енді Жетісай ауданынан зауыт салып, көршілес Мақтаарал, Шардара аудандарынан да жүгері қабылдауға ниетті.

   Келіссөздер барысында айтылған ұсыныстардың тиімділігіне қарай сала мамандарымен жан-жақты талқыланып, шешім қабылданатынын жеткізген аудан басшысы ортақ келісім жасалған жағдайда қажетті инфрақұрылымдармен толықтай қамтамасыз етуге уәде берді. Айта кетейік, өткен жылы ауданда негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 15053,9 млн теңгеге жетсе, оның 8771,6 млн теңгесі бюджет есебінен болса, 6133,3 млн теңгесі жеке қаражат есебінен тартылған.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *