Skip to content

ЖАҢА “БІРЫҢҒАЙ ТӨЛЕМ” ЕЛДІ НЕГЕ ТҮҢІЛТІП ОТЫР

   Қазақстанда 2023 жылдан бастап  6 алым-салық түрі азайтылды. Бірақ кәсіпкерлердің бәрібір көңілі толмай тұр. Кәсіпкерлер енді биылдан бастап салық төлей бастайды. Миллионнан астам микро және шағын бизнес иесі 2020 жылдан бері төлемнен босатылған еді. Осы арқылы кәсіпкерлер 3 жылда  400 миллиард теңгедей үнемдеп, салыққа арналған ақшаны бизнесін дамытуға жұмсады.

   Бизнестің еңбекақы қорына жүктеме ауыр екенін, оны күрт жеңілдету қажеттігін кәсіпкерлер бұрыннан айтып, мәселе көтеріп келеді. Бұрынғы билік бизнестің бұл жанайқайын пысқырмады. Содан жеке бизнесмендер оны өз бетінше жеңілдетудің жолдарын қарастырды. Мысалы, компаниялар өз персоналын қысқартып, “көлеңкеге” жіберді. Осы мақсатта олар аутсорсинг, және Азаматтық құқықтық сипаттағы шарттары  тетіктерін кеңінен пайдалана бастады. Бұл жағдайларда штаттағы қызметкерлер компанияға ақылы негізде қызмет көрсететін штаттан тыс мамандарға айналып шыға келеді. Оларға салықтар, әлеуметтік аударымдар мен түрлі жарналар төлеу қажет болмай қалады. Кейбір жұмыс беруші жұмыскерлерімен мүлдем ешқандай келісімшартқа отырмай, ақшаны конвертпен төлеп жүр.

  Салдарынан, соңғы бірнеше жыл бойы Қазақстанды ереуілдер дүбірлетуде. Бұл құбылыс өршіп, былтыр қанды қаңтар оқиғаларына ұласты.  Жалпы, Президент 2021 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында микро және шағын кәсіпкерлік үшін жиынтық жүктемені төмендетіп, еңбекақы қорынан бірыңғай төлемді енгізуді жүктеген еді. Оны Мамин Үкіметі уақытында орындамады. Смайылов Үкіметі де созбалаңға салды. Енді міне, тек 2023 жылдан бастап, жаңа тетік күшіне еніп отыр.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *