Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірде мәдени және спорттық нысандарды көбейту, тұрғындардың рухани әлеуетін көтеру бағытындағы жұмыстарды жандандыру жөнінде арнайы тапсырма берген болатын. Бұл ретте шалғай елді мекендер ерекше назарда болады. Осыған орай, облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев Жетісай ауданындағы мәдениет, спорт, білім нысандарын аралады. Негізгі мақсат — осы салалардағы мәселелерді саралау.
Облыс әкімінің орынбасарымен бірге аудан әкімі Серік Мамытов, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев, облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Темірхан және де өзге де сала басшылары аудандағы әлеуметтік, мәдени және спорттық маңызы бар нысандарда болды. Ондағы атқарылып жатқан жұмыстармен және шешімін табуды қажет ететін мәселелермен танысып, алдағы уақытта қолға алынуы тиіс міндеттерді белгіледі. Бейсен Дәулетұлы алдымен Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрында театр саласының қызметкерлерімен кездесіп, ұсыныстарын тыңдады. Ғимарат салынғалы бері күрделі жөндеуді көрмегенін алға тартқан театр жетекшілері жылу мәселесі де ұзақ жылдар бойы шешілмей келе жатқанын, алдағы уақытта осы мәселенің оң шешілуіне ықпал етуін өтінді. Облыс әкімінің орынбасары театр ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін ЖСҚ дайындалып, мемлекеттік сараптамаға ұсынылғанын және қорытынды бойынша тиісті жұмыстар атқарылатынын айтты.
Содан соң, «Жетісай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ ат басын бұрды. Мұндағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, кітапханашылардың ұсынысын тыңдады. Кітапхана қызметкерлері 2016 жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген нысанға алдағы уақытта күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қаржы бөлінсе деген тілегін жеткізді. Кітапханашыларға кітапханаға күрделі жөндеу жүргізу бойынша тиісті ұсыныстар енгізілсе, шешімі табылатыны түсіндірілді. Сондай-ақ, Бейсен Тәжібаев Жетісай қаласында орналасқан «Сырдария» спорт кешенінің материалдық-техникалық базасымен де танысты. Нысан 2021 жылы қолданысқа берілген. Сала жетекшілері аталған кешеннің заман талабына толықтай сай екендігіне, спорттың бокс, волейбол, баскетбол, қол добы, қазақ күресі, еркін күрес, дзюдо, самбо, қазақша күрес секілді түрлерінен оқу-жаттығу жасауға толық мүмкіндіктер қарастырылғандығын жеткізді.
Өзінің іс-сапары барысында Жаңа ауыл округіндегі «Зувайда ана» балабақшасының жұмысымен танысқан облыс әкімінің орынбасары бұл бағыттағы нысандардың толықтай талапқа сай болу керектігін айтты. Мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне қойылатын талаптар мен қолдаулар туралы баяндады. Кездесулер барысында көтерілген ұсыныстар бойынша жауапты салалармен тиісті жұмыстар жүргізіліп, тұрақты бақылауға алынатын болады.