Облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай жаңа 2023 жылды қоғамдық қауіпсіздік пен коммуналдық қызмет саласының жұмысшыларымен кездесуден бастады. Кентау қаласындағы жылу орталығының жұмысын тексерді. Қысқы маусым кезінде басқа өңірлерде жылу мекемелерінде орын алып жатқан төтенше жағдайдың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды зерделеді.
Кентау – Түркістан облысындағы моноқаланың бірі. Мұнда 100 мыңнан астам халық қоныстанған. Кентау қаласындағы №5 жылу энергия орталығы қалыпты режимде жұмыс істеуде. Жылу беру температуралық кесте бойынша жүзеге асып жатыр. Орталықтандырылған жылуға қосылған 14 мың абонент бар. Барлығы толық жылу жүйесімен қамтамасыз етілген. Оның 106-сы бюджеттік мекемелер, 336 көпқабатты тұрғын үй, 2250 жеке сектордағы үйлер, 4 мыңдай коммерциялық нысан аталған орталықтан жылу алып отыр.
Айта кетейік, Кентаудағы №5 жылу энерго орталық 1934 жылы салынған. Мамандардың сөзінше негізгі материалдық жабдықтардың 85 пайызы тозған. Бюджеттен бөлінген қаражат электр станциялары мен жылу желілері жабдықтарының ағымдағы жөндеу жұмыстарына ғана жетеді.
Кентау қаласында жаңа жылу орталығын салу мәселесі қаралуда. Жаңа жылу энергоорталыққа қатысты екі жоба жасалған. Оның бірі — жылу орталығын табиғи газға қосу, ал екіншісі — жаңа жылу энерго орталығын салу.
Түркістан облысының басшылығы сондай-ақ полиция жұмысымен танысты. Қаланың қауіпсіздігін қамту бойынша 50 бейнекамера жұмыс жасайды. Арман Жетпісбай Кентау қаласының әкіміне қала ішінде қауіпсіздікті қамту бойынша бейнекамераларды көбейтуді тапсырды.