Skip to content
Главная страница » ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МҰНАЙ ӨНІМДЕРІН ЗАҢСЫЗ ТАСЫМАЛДАУДЫҢ 94 ДЕРЕГІ АНЫҚТАЛДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МҰНАЙ ӨНІМДЕРІН ЗАҢСЫЗ ТАСЫМАЛДАУДЫҢ 94 ДЕРЕГІ АНЫҚТАЛДЫ

       Түркістан облысында мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдаудың 94 фактісі анықталды, деп хабарлайды Sanur.kz.

   Түркістан өңірінде жанар-жағармай және газбен қамтамасыз ету мәселелері күн тәртібінде тұр. Дизель отынының көршілес елдерге мөлшерден тыс тасымалдауын болдырмау үшін Өзбекстан Республикасымен шекара маңында орналасқан кеден бекеттерінде энергетикалық бекеттер құрылған. Мониторинг топтар бүгінде бірқатар кемшіліктерді анықтап отыр. Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметіне сәйкес Түркістан облысы бойынша 1 ақпанынан бері мұнай өнімдерін заңсыз әкетудің 94 фактісі анықталған. Ол бойынша 2341 литр бензин мен 25 335 литр дизель отыны сотпен тәркіленіп, 1,5 млн. теңгеден астам айыппұл салынған. Түркістан облысы әкімдігінде өткен жиналыста облыс әкімі Дархан Сатыбалды жанар-жағармай мен дизель тапшылығының алдын алу жөнінде жауаптыларға тапсырмалар берді.

   «Салаға жауапты әкім орынбасары Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесе жұмыс атқарып, жанар-жағармайдың жасанды тапшылығының алдын алғаны жөн. Жанар-жағармайдың шетелге заңсыз тасымалына жол бермеу бағытында зерделеу жұмыстарын жүргізіп, нақты ұсыныстар беріңіздер. Бұл ретте құзырлы органдар, Полиция департаментінің де қырағылығы қажет. Облыс тұрғындары жанар-жағармай мен сұйытылған газдан тапшылық көрмеуі тиіс. Екіншіден, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері тұрақты түрде дизель отынымен қамтамасыз етілсін. Жанар-жағармай мен газ тапшылығына және бағасының негізсіз өсуіне және жол бермеу мақсатында аудан, қалаларда тұрақты мониторинг жүргізіп, осы мәселелерге қатысты арнайы жұмыс тобын құруды тапсырамын», – деді Дархан Сатыбалды.

   Өңір басшысы сонымен қатар, Түркістан облысына бөлінген сұйытылған газдың басқа аймақтарға заңсыз шығуының алдын алу, бағасын бақылау, тапшылықты болдырмау және халықты тұрақты түрде қамту шараларын күшейту жөнінде тапсырма берді.

   Қазіргі таңда Түркістан облысы аумағында 9 мұнай сақтау қоймасы мен 369 жанармай құю бекеті жұмыс істейді. 13 сәуірдегі дерек бойынша жанармай құю бекеттерінде АИ-92 – 1 мың 821 тонна, АИ-95 – 713 тонна, дизельдік отынның – 982 тонна қоры бар. Жалпы, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда АИ-92 маркалы бензинін тұтыну 8 мың тоннаға өсіп, 34 мың тоннаны құраған. Дизель отынын бір айлық тұтыну көлемі 7 мыңға өсіп, 36 мың тоннаға жетіп отыр. Сондықтан облыс бойынша АИ-92 маркалы бензиннің және дизель отынының жетіспеушілігі қаупі сезілген. Осы тапшылықты болдырмау бағытында алдағы уақытта жұмыстар күшейеді.

   Ал, бүгінде мұнай газының бағасы тұрақты.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған