Skip to content

ТҮРКІСТАН ЖҰРТШЫЛЫҒЫ ТҮРКИЯЛЫҚ БАУЫРЛАРМЕН БІРГЕ!

    Түркиядағы алапат жер сілкінісінен болған қайғылы жағдай Қазақ еліне де ауыр тиді. Мемлекет басшысы Түркияның зардап шеккен аудандарындағы іздестіру-құтқару жұмыстарына көмектесу үшін Қазақстан шұғыл түрде көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді. Осыған орай Түркістан жұртшылығы Туркиялық бауырларға қолдау көрсетуге дайын.

   Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің мәдениет сарайында Түркиядағы жер сілкінісінен қаза тапқандарды еске алу іс-шарасы өтті. Түркістан облысының әкімі Д.Сатыбалды Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіндегі Түркия Республикасы өкілдігі қызметкерлері  бас қосған кездесуде жер сілкінісінен қаза тапқан азаматтарды бір минут үнсіздік жариялап, еске алды.Өңір басшысы түркиялықтарға көңіл айтып, түрік халқының қайғысы қазақ халқының да қайғысы екенін жеткізді.

   Түркістан жұршылығы атынан Түркия еліне тиісті көмек көрсетілуде.  Қазірдің өзінде Түркістан облысынан 9 білікті дәрігер Түркияға баратын шұғыл көмек тобына енгізіліп отыр. Тізімге алынған Түркістан облыстық клиникалық аурухананың білікті дәрігерлерінің қатарында терапевт, ортопед, нейрохирург, ангиохирург, проктолог, хирург, невролог мамандары бар. Олар түрік тілін еркін меңгерген. Бірқатары Түркияда тәжірибеден өтіп, біліктілігін арттырған.

   Шара барысында Түркістан облысының Қ.А.Ясауи атындағы орталық мешітінің наиб имамы Серкебай Таңат Түркия елінде жер сілкінісі салдарынан қайтыс болған азаматтардың рухына құран бағыштады.

  Түркия Республикасының Алматыдағы Бас консулы Али Рыза Ақынжы ауыр кезеңде қолдау көрсеткен Қазақ еліне, арнайы келіп көңіл айтқан облыс әкіміне алғысын білдірді. Түркия ауыр сынақты бастан өткеріп жатқанын айтты.

   Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова мен ректор өкілі Пеями Баттал бауырлас елдегі төтенше жағдай студенттер мен оқытушыларға ауыр тигенін, университет қызметкерлері тарапынан Түркияға гуманитарлық және өзге де көмектер көрсетілетінін мәлімдеді. Ректор осы оқу ордасында білім алып, Түркияда білімін жетілдірген дәрігерлер хабарласқанын, олардың апат орнына барып, көмек көрсетуге дайын екенін атап өтті.

   Университеттегі еске алу шарасынан кейін облыс әкімдігі атынан зілзаладан қаза тапқан марқұмдардың рухына ас берілді.Айта кетейік, апатқа байланысты Түркияда 12 ақпанға дейін қаралы күн жарияланды.

 

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *