Түркияда жер сілкінісінен қираған ғимараттар ісі бойынша 247 адам қамауға алынды, деп хабарлайды Sanur.kz түркиялық Анадолу агенттігіне сілтеме жасап.
«Апат аймағында орналасқан провинциялар прокуратураларының шешімімен 6 ақпандағы оқиғадан кейін қираған ғимараттардың құрылысына қатысы бар 997 күдікті ұсталды. Нәтижесінде ұсталғандардың 247-сі қамауға алынды, 322 күдіктіге қатысты сот бақылауы тағайындалды», — деп жазылған ақпаратта.
Сонымен қатар 198 күдіктіні тұтқындауға және 102 адамды ұстауға санкция берілген.
Еске сала кетсек, 6 ақпанда Түркияда 7,7 магнитудасымен жойқын жер сілкінісі болды. Зілзала ошағы Кахраманмараш провинциясындағы Пазарджик ауданында орналасты, тереңдігі — 7 шақырым. Салдарынан Хатай, Газиантеп, Килис, Османие, Малатья, Адыяман, Шанлыурфа, Диярбекир, Адана және Кахраманмараш провинцияларында көптеген ғимарат қирады.
Қазіргі уақытта зілзаладан 45 968 адам қаза тапқаны белгілі болды, олардың 4 267-і Сирия азаматы.