ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Энергетикалық кеңестің отырысында бірқатар «жетілген» мұнай кен орындарын одан әрі игеру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Sanur.kz.
«ҚР Президенті Әкімшілігі, орталық мемлекеттік органдар, Ұлттық Банк, «Самұрық-Қазына» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы басшылығының қатысуымен инвестицияларды ұлғайту және игерудің соңғы кезеңдеріндегі кен орындарының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қаралды. Атап айтқанда, өндіріс көлемі, жұмыспен қамту және салық салу мәселелері қозғалды», — деп жазды Үкіметтің ресми сайты.
Премьер-Министр ЖЖМ ішкі нарығын тұрақты қамтамасыз ету, мемлекеттік бюджет пен Ұлттық қорды толықтыру, сондай-ақ жұмыс орындарын сақтау үшін осындай кен орындарын қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар отырыста жер қойнауын пайдалану саласындағы бірқатар өзекті мәселелер қаралды.