Түркістан облысында ата-аналар баласын көрші ауылдағы мектепке жіберуден жаппай бас тартып жатыр. Бұл туралы Sanur.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазығұрт ауданындағы Сырлысай ауылында мектеп былтыр қолданысқа берілуі керек болған. Бірақ білім ошағы салынып бітсе де, әлі жабық тұр.
Биыл 1 қыркүйекте 162 оқушыны қабылдайды деген басшылардың сөзі де жерде қалды. Амалсыз көрші ауылдардағы мектептерге барып жүрген Сырлысай ауылының оқушыларына ол жақтағы ұлдар қысым көрсететін болған соң, ата-аналар өз ауылындағы мектеп ашылмайынша, үйде жүреді деп бекінді.
Соңғы 20-жылда пайда болған Сырлысай ауылында оқуышылар жүзден асқан соң 21-ші жылы 200 орынға арналған мектеп құрылысы басталған. Сөйтіп былтыр қараша айында беріледі деген мектептің құрылысы сылбыр жүрген. Қазір құрылысы бітсе де, әлі ашылған жоқ. Ал оқушылары көршілес Сарыағаш ауданына қарайтын Бағыс ауылындағы мектеп пен Қақпақ ауылында білім алады. Бұл мұндағы ұл-қызға қолайсыз болып тұр.
Қолайсыздығы былай тұрсын, көрші ауылдардағы мектепке бару қауіпті де екен. Себебі Сырлысайдан қатынайтын оқушыларды Қақпақ ауылының ұлдары ұрып жібереді екен. “Сондықтан балаларымыз көрші ауылға барып білім алудан қорқады” – дейді ата-аналар.
“Балаларымызды ұрып тастаған, сол күнде келетін біреуі көзі көгеріп келеді, аяғы көгеріп келеді. “Кім ұрды, неге жылап келдің?” мдесек, “мектепке бармаймын” дейді. “Не себептен бармайсың?” десем, үлкен сыныптың балалары мектептің шыға беріс есігінде ұстап алады да, ұрып, тебеді екен. “Басқа мектептен келдің, біздің айдауымызбен жүресің” дегендей, ақша сұрайды. Ақша сұраған кезі де болған. Балаларымның қауіпсіздігі үшін мен басқа да мектепке, Қақпақ ауылындағы мектепке үзілді кесілді бермеймін”, – дейді Гүлшат Вафаева.
Білімсіз қалса да, Сырлысайдағы мектеп ашылмайынша, ұл-қызын көрші ауылға жібермейміз деген 20 шақты ата-ана құрылысы бітіп тұрған мектепті дереу ашсын дейді. Бірақ құрылыс басқармасы 640 миллион теңгеге салынған мектептің “әлі де кем-кетігі бар” деп, мердігерден қабылдамай отырғанын айтады.
“Кемкетіктері, жұмыстан артта қалу болған. Одан кейін құрал-жабдықтарды басқа елдерден жеткізу кезінде кешіктірілген. Қазіргі таңда 99 пайыз нысан басына жеткізілді. Орнату, ретке келтіру кабинеттерге қосу, жалғау жұмысы жүріп жатыр”, – дейді Түркістан облысы құрылыс басқармасының бас маманы Мардан Серікбаев.
Былтыр берілуі керек мектеп биылғы жылдың екінші тоқсанына дейін ашылмайын деп тұр. Бірақ көрші ауылдағы оқушылардың әлімжеттігінен қорыққан ата-аналар ұл-қызын “Сырлысай мектебі ашылмайынша, оқытпаймыз” деп бекініп отыр.