ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Wabtec компаниясының аға вице-президенті Гохан Байхан серіктестікті кеңейту перспективалары мен машина жасаудағы жаңа жобаларды іске асыру жайын талқылады.
Бұл туралы ҚазАқпарат Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Кездесу барысында Үкімет басшысы машина жасау ел экономикасының ең перспективалы секторларының бірі екенін атап өтті. Өткен жылы елімізде саладағы өндіріс көлемі 35%-ға өсті.
«Біз осы саланың одан әрі өсуі мен дамуы үшін үлкен әлеуетті көріп отырмыз, бұл жаңа инвестициялар мен заманауи технологиялардың ағынын талап етеді. Осыған байланысты Wabtec компаниясының еліміздегі өндіріс процесін кеңейту ниетін құптаймыз», – деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, экономикалық күйзелістерге қарамастан, әлемдік теміржол қатынасы тұрақты болып қала береді және алдағы 10 жылда екі есеге жуық өседі деп болжануда. Осыны ескере отырып, Қазақстан өзінің тиімді географиялық орналасуын барынша тиімді пайдалануға және транзиттік жүк ағындарын байланыстыратын ірі көлік тораптарының біріне айналуға ниетті.
Атап айтқанда, Еуропа мен Азия елдері арасындағы тауар айналымының қарқынды өсуі аясында Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытудың перспективасы жоғары. Ол үшін инфрақұрылымдық шектеулерді алып тастау, сондай-ақ локомотивтер мен теңіз кемелерінің паркін ұлғайту қажет.
Өз кезегінде Гохан Байхан Wabtec компаниясы Астанадағы локомотивтер шығаратын зауытта өндірісті кеңейтуге қаражат салғанын хабарлады, бұл оның қуатын екі есеге арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар оның айтуынша, компания локализацияны тереңдету, «жасыл» инновацияларды енгізу, сервистік қызмет көрсетуді дамыту және өңірдің басқа елдеріне экспортты ұлғайту жұмыстарын жалғастырады. Wabtec сонымен қатар Қазақстанның көлік желісінің тиімділігін арттыру үшін теміржол бағыттарын цифрландыру және оңтайландыру мәселесінде ҚТЖ-мен белсенді ынтымақтастық орнатады.
Әлихан Смайылов келіссөздер қорытындысы бойынша Үкімет өзара белсенді іс-қимылды жалғастыруға және компанияның жаңа инвестициялық жоспарларын іске асыру үшін қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.
Анықтама: Wabtec – 1999 жылы Westinghouse Air Brake Company (WABCO) мен MotivePower Industries корпорациясының бірігуінен құрылған америкалық компания. Ол локомотивтерге, жүк және жолаушылар көліктеріне арналған өнімдер шығарады, сондай-ақ қуаты 6 мың аттың күші бар заманауи локомотивтер жасап шығарады.