Жамбыл облысында жыл басынан бері кәмелетке толмаған 80 жасөспірім үйінен және уақытша болу орындарынан қашып кеткен. Олардың көбісі аз уақыт ішінде табылып, үйлеріне қайтарылып отырған, деп хабарлайды Sanur.kz.
Қашқан балалардың ішіндегі бесеуі әлеуметтік мекемедегі жасөспірім. Қалған 75-і өкінішке қарай, өз үйлерінен кетіп қалған. Мұның ішінде алтауының психикалық ауытқулары болған.
Жамбыл облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция майоры Манас Әбдікәрімовтың айтуынша, негізінен қыздардың қашып кетуі жиі орын алады, ал ұлдардың кетуі сирек.
«Өкінішке қарай, өз үйлерінен қашатын жасөспірімдер қатары азаймай тұр. Кейбіреуі тіпті бір емес, бірнеше рет қашқан. Себептеріне келер болсақ, олардың қатарында үй шаруасымен айналысқысы келмей, сабақ оқығысы келмей қашатындар да бар. Кейде балаларды үйден қашуға ата-анасының әдепсіз мінез-құлықтары, алкогольдік ішімдік ішулері, қол көтерулері себеп болады. Адасып немесе ұзақ уақыт ойнап, ұрыс естімеу үшін үйіне бармай жүретін балалар да бар. Ал, әлеуметтік мекемелерден кету себептерін балалар ол жердің режиміне үйрене алмағандарымен түсіндіреді.
Өкінішке қарай, мұндай балалар алдап-арбауға, қылмыстық азғындық әрекеттерге ілесіп немесе қылмыстың құрбаны болып жатады. Ата-аналар алдымен осы жағын ескерсе екен», – дейді Манас Әбдікәрімов.
Бұған дейін біз Жамбыл облысында балалардың жол апатынан қаза болуы 4 есе артқаны туралы жазған болатынбыз.