Жеңілдікпен пәтер сатып алыңыз. «Көрме» орталығында жылжымайтын мүлік жәрмеңкесі өтіп жатыр. Ертең де жалғасатын шарада құрылыс компаниялары өздерінің тұрғынүй кешендерінің бағасынан шегеріс жасап, тұтынушылар үшін жағдай жасап отыр. Егер пәтер алуды жоспарлап жүрсеңіз, Сізге ұтымды мүмкіндік.
Қала тұрғыны Айдана Жайықбаева 3 баланың анасы. Отбасымен пәтер жалдап тұратын көп қазақтың бірі. Азын-аулақ жинап, буып жүрген қаражаттары да бар. «Отбасы банктің» салымшылары екен. Жәрмеңке барлық туындаған сұрақтарға жауап алып кететін орын дейді.
Жәрмеңке Шымкентте осымен 4-рет өтіп жатыр. «Отбасы банк» өз тарапынан осы көрмені қалалық әкімдіктің қолдауымен ұйымдастырады. Қаланың ірі құрылыс компаниялары осы уақытта салынып жатқан тұрғынүйлерін ұсынады. Жәрмеңкеге келген тұрғындарға әр компания жеке принциптеріне байланысты жеңілдіктер де ұсынады.
Көрмеде қаланың 20-ға жуық құрылыс компаниясы өз нысандарын таныстырып жатыр. Атап айтсақ, бұл BI Group, OKS, Kanfar, Orda Invest, Otau Group, Art Kurylys, Capital city, Altyn Land, Feb group, South company, 01 kz building, Дамдес, Базис-А, Батсу және СПК Шымкент.
Жәрмеңкеге қатысып отырған барлық-дерлік құрылыс компаниясының мемлекеттік кепілдігі бар. 100 пайыз сенім артуға болады. Бұл дегеніміз – егер серіктесік банкротқа ұшырап немесе өзге де форс-мажорлық ситуациялар туындағанның өзінде әрі қарай кешенді мемлекет белгілі бір қор тарапынан аяқтап береді деген сөз. Айта кетейік, Шымкентте бастапқы нарықтағы тұрғынүйлердің шаршы метрі 300-350 мың теңгеден басталады.