Skip to content

ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНАН МӘЖІЛІСКЕ БІР МАНДАТТЫ САЙЛАУ ОКРУГІ БОЙЫНША 18 КАНДИДАТ ҰСЫНЫЛДЫ

     Жетісу облысында 19 наурызға белгіленген Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлауға дайындық жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды Sanur.kz.

   Саяси науқанға дайындық бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Тимур Дәуітов айтып берді.

   «Негізгі іс-шаралардың жоспарына сәйкес үміткерлерді ұсыну 20 қаңтарда басталып, 8 ақпанда аяқталды. Барлығы 597 кандидат ұсынылды. Оның ішінде: Мәжіліске – 18, облыстық мәслихатқа партиялық тізімдер бойынша – 66 кандидат, бір мандатты округтер бойынша – 63, аудандық және қалалық мәслихаттарға 450 кандидат бар. Бір мандатқа орта есеппен – 3,3 адам», – деп атап өтті спикер.

    Жетісу облысынан ұсынылған 597 үміткердің барлығы қойылатын талаптарға сәйкестігі тексерілді. Прокуратура мен көші-қон полициясына тиісті сауалдар жолданды. Нәтижесінде 3 үміткер іріктеуден өте алмады.

  «ҚР Парламенті Мәжілісіне №17 бір мандатты сайлау округі бойынша 18 кандидат ұсынылды. Қазірдің өзінде 13 адам тіркелді. Облыстың 11 мәслихатында 168 депутат, оның ішінде 32 облыстық мәслихат, 136 аудандық және қалалық мәслихат депутаттары сайланады», – деді Т.Ермекұлы.
Облыстық мәслихат депутаттарын сайлау бойынша партиялық тізімдерді 6 саяси партия ұсынды. Атап айтсақ, «Аманат», «ҚХП», «Ауыл», «Республика», «Байтақ» және «Ақжол» партиялары. Барлығы 66 үміткер.

    «Облыстық мәслихат депутаттарын сайлау бойынша 16 бір мандатты аумақтық сайлау округі бойынша 63 кандидат ұсынылды. Бүгінгі таңда барлығы – 43 тіркелген. Аудандық және қалалық мәслихаттар депутаттарын сайлау бойынша барлығы 450 кандидат ұсынылды, оның 284-і өзін-өзі ұсыну арқылы, 166-сы саяси партиялардан, 346 кандидат тіркелді», – деді облыстың аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы.

   Күнтізбелік жоспарға сәйкес үміткерлерді тіркеу 18 ақпан күні сағат 18.00-де аяқталады. Сонан кейін үміткерлер сайлау алдындағы үгіт-насихатқа кіріседі.
Сайлауға барлығы 11 аумақтық, 145 округтік және 458 учаскелік сайлау комиссиялары, 3764 комиссия мүшелері қатысады. Сайлаушылар саны шамамен 450 000 адамды құрайды.

  «Учаскелік комиссиялар келесі аптадан бастап жұмысқа кіріседі. Сайлауға дайындық жұмыстары жалғасуда», – деп сөзін қорытындылады Тимур Дәуітов.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *