Skip to content
Главная страница » ЖҰМЫССЫЗ ЖҮРГЕН АЗАМАТТАРҒА SMS-ХАБАРЛАМА ЖІБЕРІЛЕДІ

ЖҰМЫССЫЗ ЖҮРГЕН АЗАМАТТАРҒА SMS-ХАБАРЛАМА ЖІБЕРІЛЕДІ

   13 ақпаннан бастап жұмыссыз жүрген азаматтарға SMS-хабарлама жіберіледі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Асқар Ниязов мәлімдеді. Хабарлама 23-35 жас аралығындағы жұмыссыз жүрген 12 мың адамның жеке нөміріне жіберіледі, деп жазады Sanur.kz.

  Министрліктің баспасөз қызметі мәлім еткендей, хабарлама 8 әлеуметтік топтың өкілдеріне жіберіледі. Әр жас тобы бойынша 1 000 SMS-хабарлама жіберу жоспарланған. Олардың қатарында жұмыссыз ретінде тіркелгендер, көпбалалы отбасылар, АӘК алушылар, «Күміс алқа» мен  «Алтын алқа» алған аналар бар.

  Сондай-ақ, Асқар Ниязовтың айтуынша, азамат хабарлама арқылы жұмыс іздеп, білімді жетілдіру немесе әлеуметтік жәрдемақы алу бойынша ақпарат алады. Қосымша ақпарат қажет болса, хабарламамен қоса жіберілген сілтемені басу қажет.

  «Бұған дейін министрлік жұмыссыз жүрген азаматтардың өтініш бергенін күтіп отыратын болса, енді олардың телефонына өзіміз хабарлама жібере аламыз», деді департамент директоры Асқар Ниязов.

 Ниязовтың айтуынша, қазір республика бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші 3,8 пайызды немесе 80 мың адамды құрайды. Олардың басым бөлігі Түркістан, Жамбыл облыстары мен Алматы қаласында тұрады.

  Айта кетейік, ресми ақпаратқа сәйкес, хабарлама тек 1414 нөмірінен келеді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған